Тимур Құлыбаев: Теміржол тарифтері – «Атамекеннің» жіті назарында
Қазақстанның көлік жүйесін дамыту мәселесі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Логистика және тасымалдау комитетінің басшысы Сауат Мыңбаевтың жұмыс барысындағы кездесуде талқыланды.
Комитет деректеріне сәйкес 2018 жылдың қорытындысы бойынша көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 5%-ға артып, 4 млрд. тоннадан асқан. Жүк айналымы 7,3%-ға өсіп, шақырымына 596 млрд. тонна болды. Көлік қызметінен түскен табыс 16,5%-ға артып, 2,8 трлн теңгені құрады. Жалпы ішкі өнімдегі көліктің меншікті салмағы 8%-ды құрады.
Кездесуде «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының локомотивтің тарту күші мен магистральды теміржол желісі қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру (баға белгілеу) ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды инфляцияға бейімдей отырып көтеру қызметінің жайы талқыланды.
ҰКП басшысы «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметтеріне тарифтерді белгілеу тәсілдерін ірі жүк жөнелтуші компаниялар өкілдерінің қатысуымен, «Атамекен» ҰКП жанындағы Тарифтер жөніндегі кеңесте талқылауды ұсынды. Т. Құлыбаев тарифтер шығынды болмауын, олардың ашықтығы, неден құралатынын түсіну маңызды екенін атап өтті.
С. Мыңбаевтың мәліметіне сәйкес бүгінде жүк тасымалдау нарығын дамытуда қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр, магистарльды теміржол желілеріне жекеменшік тасымалдаушыларға рұқсат берудің анағұрлым нақты жолдары қолға алынған.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы жолаушыларды автомобильмен тасымалдауды дамыту мәселесін көтерді. Оның пікірінше, Жолаушыларды автобуспен тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының (Жол картасын) жүзеге асырылуына өңірлік деңгейде серпін берілуі керек. Бұл құжат тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға, отандық автоөнеркәсіптің қатысуымен автобус паркін жаңартуға, заңсыз тасымалдарға талаптарды күшейтуге бағытталғандығы белгілі.
«Бұл мәселені бақылауда ұстау қажет және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жолаушылар тасымалын дамытуда қолайлы жағдай жасау маңызды», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Кездесу барысында ЕАЭО аясында көлік саласындағы қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау, үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты мен ЕАЭО Цифрлық күн тәртібін (цифрлық көлік дәліздері, ортақ көліктік қызметтер нарығын қалыптастыру және т.б.) енгізу мәселелері талқыланды.
Автомобиль, әуе және су көлігінің мәселелері жеке қарастырылды. Атап айтқанда, Қазақстан аумағымен өтетін халықаралық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту мәселесі, су көлігін дамыту, модульдік жол жабындары-TIR жә т.б. мәселелер қаралды.
Комитет биыл әкімшілік кедергілер мен салықтық ауыртпалықты азайту, көлік саласында бәсекелестікті дамыту және LPI – логистиканың тиімділігі индексінің көрсеткіштерін жақсарту міндеттерін қойып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: