«Қарапайым заттар экономикасы»: Қызылордада бүгінгі күннің өзінде 2 жоба мақұлданды
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімдігінде өткен «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының аймақта іске асырылу барысы туралы өткен мәжілісте айтты.
Палата басшысының айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша бағдарлама әзірленіп, бағдарламаның іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында Кәсіпкерлер палатасы жанында Жобалық кеңсе құрылған.
Жобалық кеңсе құрамына Кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген.
«Бүгінгі күні жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлер арасында кең көлемді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. «Даму» қорымен бірлесіп, Палатаның алаңында осы бағдарламаның іске асырылуына тікелей жауапты қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімдері, Палатаның филиал басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдеріне арнайы семинар ұйымдастырылды. Бағдарламада басымдық берілген жобалар азық-түлік, жиһаз, жеңіл өнеркәсіптері және құрылыс тауарларын шығаруды қамтығандықтан, осы салалардың 200-ге жуық кәсіпкерінің қатысуымен төрт кездесу өткізілді», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата директоры мәжілісте өңірлік Жобалық кеңсенің жұмысында жалпы құны 8,3 млрд.теңгені құрайтын 90 жоба бар екендігін, оның ішінде қазірдің өзінде 2 жоба мақұлданғандығын жеткізді.
Мұнан өзге, бүгінде 5 жоба банктің қарауында, 21 жобаның құжаттары жинақталып, 58 жоба бойынша келісімдер жүргізілуде.
Ғалымбек Жақсылықов: «Бүгінгі күнге дейін қала кәсіпкерлері белсенділік танытып келген болса, енді аудан кәсіпкерлері қосылып жатыр. Жалпы, кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Мысалы, киім сатумен айналысатын кәсіпкер киім тігу, мал сою пунктісі бар кәсіпкер мал бордақылау, мал асырайтын кәсіпкер етті қайта өндеумен айналысуға ынталы», - дейді.
Айта кету керек, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын облыста іске асыруға 7 банктің филиалы қатысуда. Олар: Халық банк, Сбербанк, АТФ Банк, ForteBank, ЦентрКредитБанкі, Цеснабанк, Еуразиялық Банк.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: