Денсаулық туралы Кодекстің жаңашылдықтарына қатысты қоғамдық тыңдау өтті
«Атамекен» алаңында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті
«Жаңа Кодекстің жобасы, әсіресе қосымша бақылау және қадағалауды енгізу, темекі өнімдерін сатуды шектеу және жұмыс берушілер үшін қосымша міндеттемелерді енгізуге қатысты бөліміне бизнес-қоғамдастық арасында жоғары қызығушылықтың барын байқатты», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Алена Романова.
Бизнес ерекше тәртіп бойынша тексерулерді енгізуге қатысты мәселелерге мүдделі.
«Қосымша бақылауды енгізуде сұрақ туындайды: оны жүргізуге мамандарымыз жете ме? Қазіргі таңда фармацевтикалық объектілер, әсіресе дәріханалардың қызметі нормативті-құқықтық актілердің айтарықтай кең ауқымымен регламенттелген», – деді «Фармацевтикалық саланы қолдау мен дамыту қауымдастығы» ЗТБ президенті Марина Дурманова.
Дәрі-дәрмектерді даярлауға рұқсаты бар дәріханалар жыл сайын тексерілетін жоғары мәнге ие объектілер болған.
«GMP (Good Manufacturing Practic, тиісті өндірістік практика) стандарттары бойынша жұмыс істейтін өндірушілер өнімге деген бақылауды өз бетінше жүргізеді. Ол үшін кәсіпорында өкілетті тұлға бекітіледі. Стандарт енгізген бизнес өзінің өніміне дербес жауап береді. Осыған байланысты қосымша тексеру дәрі-дәрмек шығарылымын тежеп, өнімнің қымбаттауына себеп болады», – деді «ФарМедИндустрия» Қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов.
Тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібін енгізудің негізсіздігі жайында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Иван Клименко өз ойын білдірді.
«Біз халықаралық стандартты енгізіп, оған қосымша бақылау енгізуге кірісеміз, олай болмауы керек. Сапаны бағалаудағы негізгі мәселе – тіркеуден кейінгі мониторинг екенін түсіну қажет. Екі жыл бұрын бірде бір «сары карточка» болмаған жағдай орын алғанын атап өткім келеді. Яғни дәрі-дәрмекпен миллиондаған транзакциялар жасалды, ал шағымдар болмады. Бүгінде бізге тіркеуден кейінгі бақылауда тәртіпті жолға қою керек, бұл бақылау нарықта фармацевтикалық өнімдердің сапасын қамтамасыз етеді», – деді Иван Клименко.
«Бүгінде дәрі-дәрмектерді таңбалау және бақылау сынды бірқатар шаралар енгізілмек, аталмыш шаралар нарықта сапалы дәрі-дәрмектің айналымын қамтамасыз етеді. Қосымша бақылау негізінен жұмысын адал жүргізбейтін өндірушілерді анықтау мақсатында әзірленуде. Осы ретте халықаралық стандарттармен жұмыс істейтін өндірістер, дистрибьютерлер және бөлшек сауда қосымша тексеруден босатылады», – деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
Министрлік өкілі ведомство барлық даулы мәселелерді бизнес және қауымдастықтармен талқылауға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар бизнес-қоғамдастық АИТВ инфекциясын ерте анықтау әдістерін бәсекелестік ортаға көшу тақырыбын көтерді.
«Науқаста жекеменшік клиникаға барып, талдау өткізетін балама болғанын қалаймыз. Егер нәтижесі күмәнді болса, онда қан сынамасы АИТВ орталығына жіберіледі. Мұндай шара ауруды жұқтырып алғандарды анықтауды жоғарылатады және АИТВ-орталығы жұмысына кедергі келтірмейді. Еуропа елдерінің көбі осылай жұмыс істейді», – деп үндеу тастады Денсаулық министрлігіне «Қазақстан медициналық зертханалар қауымдастығының» өкілі Ақмарал Шаяхметова.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл мәселе айтарлықтай күрделі екенін айтып, жеке клиникалардың талдау жүргізуді жүзеге асыруы мүмкіндігін қарастыру мақсатында бизнес өкілдерімен тағы да кездесуге дайын екенін жеткізді.
«Атамекен» алаңында темекі шегуге тыйым салу мәселесі екінші рет көтерілді. Атап айтқанда, Кодекстің жаңа жазбасында ауданы 10м2-ден кем сауда нүктелерінде және оқу мекемелерінен 100 метр аумақта орналасқан дүкендерде темекі өнімдерін сатуға тыйым салу, сонымен қатар қоғамдық орындарда, жеке пәтердің балконында темекі өнімдері мен девайстарды тартуға тыйым салу ұсынылған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл сұрақта анағұрлым терең есептеулер және барлық енгізілмек жаңашылдықтарға реттеушілік әсер талдауын жүргізу қажет.
Бизнес-қоғамдастықтың пікірінше, мұндай өзгертулер шағын сауда нүктелері мен дүңгіршектерді жабылауына әкеп соғады.
«Оқу орындарынан 100 метр аумақта темекі сатуға тыйым салуға түрлі форматтағы сауда нүктелердің 80 пайызы түсіп отыр. Қоғамдық жерлерде темекі шегуді шектеуге қарсы емеспіз. Алайда мұндай шектеулер заңды сауданың көлеміне шектеу жасап, контрафактілі өнімнің өсуіне жағдай жасайды. Бізге темекі шегуге арналған орындар, будкаларды орнату бойынша нұсқаны қарау керек шығар», – темекі өнімдерін шығарушылар қауымдастығының өкілі.
Талқылау барысында кәсіпкерлер «оқу орны» дегенде нақты түсінік жоғына назар аударды. Оқу орнына мектептерді ғана емес, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарын, қосымша білім берудің түрлі формаларын да жатқызуға болады.
«Темекі өнімдеріне девайстарды қосу қажеттілігімен келісеміз. Қорқорлар, шылым трубкаларын тарту арнайы орындарда ғана рұсат етілуін қолдаймыз», – деп атап өтті Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті басқармасының жетекшісі Марал Рахымжанова.
Білім беру қызметін көрсетуге арналған территориядан 100 метрден кем қашықтықта алкоголь өнімдерін сатуға салынған тыйым алынып тасталғанын атап өткен жөн. Өйткені тиімділігін көрсетпеді.
Сонымен қатар кездесу барысында қызметкерлері скрининг өтпеген ұйымдарға салынатын айыппұлдар, сонымен қатар құрамында 50 адамнан жоғары өндірістерде медициналық бөлімді ұйымдастыру бойынша кәсіпкерлердің міндеттері талқыланды.
«Жаңа Кодекс жобасымен көрсетілген жаңашылдықтар кәсіпкерлерге, әсіресе республикадағы шағын және орта бизнеске салынатын қаржылық ауыртпалықты арттырады», – деді Күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Анатолий Калинин.
Жекелеген мәселелер бойынша бизнестің позициясын тыңдаған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері кез келген диалогқа дайын екендіктерін жеткізді.
«Біз құжатты толығымен жетілдіріп үлгермедік. Құжаттың әзірленуі аяқталған соң оны ресми сайтта жариялап, «Атамкенге» жібереміз, Ұлттық палата алаңында бизнес-қоғамдастықпен талқылайтын боламыз. Соның ішінде министрлікте ұсынылған 100 метрге қатысты тыйымды алып тастау мәселесі талқылануда. Құжатты дайындауда министрлік бизнес және қауымдастықтармен жиі кездесу ұйымдастырылады. Біз даулы мәселелерді шешіп, пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп, Кодекс жобасына өзгерістерді енгіземіз», – деді Дінмұхамед Қылышбаев.
Жиынды қорытындылай келе, Алена Романова мемлекеттік органдарға іс-шараға қатысқандары үшін алғыс білдірді.
«Бүгін кәсіпкерлерді қандай мәселелер алаңдататынын білдік, Кодексті ары қарай жетілдіру кезінде бизнестің айтылған ескертпе мен ұсыныстарын ескеру қажет», – деп атап өтті Алена Романова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: