Кепіл мен пайыз. Кәсіпкерлер мәселесі шешімін таба ма?
«Атамекен» алаңында Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалалары кәсіпкерлерінің «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өтінім беру кезіндегі басты мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе – кепілмен қамтамасыз ету. Ұнтақ бояулармен айналысатын алматылық «Pulver Kazakhstan» ЖШС дәл осы мәселемен ұшырасқан. Серіктестіктің басшысы Данияр Оразбековтың айттуынша 400 млн теңгеге татитын өнімдер толып тұрған үлкен қоймалары бар, тек өздерінің жылжымайтын мүлкі жоқ.
«Өкінішке орай, бұл мәселе біздің Түркістан облысында да бар. Кепіл талаптарына сай емес деген желеумен осылайша 18 жобаны ысырып тастауға тура келіп тұр. Кәсіпкерлерде кепіл зат жоқ немесе кепілдің жалпы құны 50% да құрамайды», - деп алматылық кәсіпкердің сөзін қолдай кетті Түркістан өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дінмұхамед Әбсаттаров.
Не болмаса – тауар түрлерінің жалпы экономикалық класификаторына кірмеуі де қолға күрмеу болуда. Нұр-Сұлтан қаласының «Мамины вкусняшки» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қаракөз Бакирова мәрмәр еттен манты мен түшпара жасаумен айналысады.
«Тауар түрлерінің жалпы экономикалық класификаторы бойынша мұздатылған ет өнімдері мен пиццалар қарастырылған, ал, жартылай фабрикаттар жайлы бір ауыз сөз де айтылмайды. Осының кесірінен екінші деңгейдегі банктер біздің өтінішімізді кері қайтаруда», - деп шағымданады кәсіпкер.
Жобалау алқасы мүшелері бұл ескертудің орынды екенін, алдағы уақытта тауар түрлерінің жалпы экономикалық класификаторына жартылайфабрикаттардың енуіне ат салысатынын айтты.
Бизнес өкілдері екінші деңгейлі банктердің шамадан тыс талаптар қоятынына және пайыздық мөлшерлемесінің тым жоғары екеніне алаңдайтындықтарын білдірді. Ұсыныстардың бірі айналым капиталын 30% дан 50% арттыру болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Атамекен» алаңында «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жұмыс тобының отырысы күнделікті болып, Бағдарламаға қатысушы өңірлік кәсіпкерлермен видеобайланысқа шығу арқылы талқылануда.
Сондай-ақ, апта сайын Жобалық алқа отырысы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдің қатысуымен, бизнес өкілдерінің басты мәселелерін талқылау және оны шешу мақсатында өтіп жатыр.
Алқаның келесі отырысы 5 сәуірге жоспарланған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: