«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Талдықорғанда Жастар экономикалық форумы өтті

2019 жылғы 29 Наурыз
- Жетісу облысы
3680 просмотров

Спикерлер болашақтың мамандықтары, қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа трендтері туралы айтты

 Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті алаңында «Жастар көзқарасымен қоғамдық сананы жаңғырту: аймақтық контекст» жастар экономикалық форумы өтті. Университет ректоры Қуат Баймырзаев форумды ашып, білім ордасында студенттерді іскерлік ортаға тарту және олардың бизнес-жобаларын қолдау бойынша міндет қойылғанын айтты.

 «Бізді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры қолдап отыр, стартап академия ашылды. Студенттерді идеялары немесе жобаларымен бізге келуге шақырамын, біз өз кезегімізде қолдау беруге дайынбыз», – деді ректор.

Қуат Баймырзаевтың айтуынша, табысты болу үшін жаңа мамандықтарға оқып, жеке машықтарды жетілдіру қажет.  

 Форум спикері, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өзінің мотивациялық таныстырылымында қоғамдық сананы өзгерткен немесе өзгертіп жатқан кешегі, бүгінгі және келешектегі трендтер жайында кеңінен тоқталды.

 «Жаңа трендтерді құрып, адамдардың санасына әсер етіп жатқан адамдарды мысал еткім келеді. Бизнесті сәтті басқарып, өңірлердің әлеуметтік мәселелерін белсенді шешіп жүрген Бауыржан Оспанов, Жақсылық Үшкемпіров сынды меценаттарға қараңыздаршы. Ал кәсіби кемелдіктің арқасында әнші Димаш Құдайберген, актриса Самал Еслямова, клипмейкер Айсұлтан Сейітов және басқалар әлем сахнасын бағындыруда», – деді ол.

Құрып бара жатқан мамандықтар және келешектің мамандықтары туралы дәйектер қызу пікірталас тудырды.

 «Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес 30 жылдан кейін бухгалтер, заңгер-кеңес беруші, турагент, call-орталық операторы сынды мамандықтар болмайды. Олардың орнына сити-фермер, ІТ-дәрігер, үй роботтарын әзірлеуші мамандар сұраныста болады. Сәйкесінше, жоғары оқу орындарындағы оқыту нарық конъюнктурасын есепке алып жүрігізілуі керек», – деді Нариман Әбілшайықов.

 Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Рустам Алпысбаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде іске асқан және жоспарланған жобалар туралы ақпарат берді.

«Тамас» ЖШС директоры Асқар  Пусурманов студенттермен бизнес жүргізу бойынша жеке тәжірибесімен бөлісті. Өндірісінде 500-ге жуық қызметкер бар кәсіпорын гидромелиоративті құрылыс жүргізеді және құрылыс материалдарын шығарады.

 Форум аясында «Мәрмәр Қазақстан» ЖШС директоры Олжас Зәкірұлы, Ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерциялау кеңсесінің директоры Дамир Дигай, PhD докторы, мемлекеттік басқару және менеджмент кафедрасының доценты Эльмира Қыдырбаева  және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетітің студенті Аяулым Қаналбекова баяндамалар жасады.

 Естеріңізге салсақ, форум Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруымен өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер