«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Талдықорғандық кәсіпкер сегіз баласы бар отбасыға пәтер сыйлады

2019 жылғы 19 Наурыз
- Жетісу облысы
5060 просмотров

Әлеуметтік кәсіпкер, «Статус» ойын-сауықтық кешенінің директоры Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сыйлады

Индира Қарабекова – сегіз баланың анасы. Осыған дейін Асқар Біләлов жанұяға көмек көрсетіп келген, жақында тұрғын үй мәселесін толық шешіп беруге шешім қабылдады.

«Қарабековтар жанұясын біраз уақыттан бері білемін. Бұған дейін азық-түлік себеттері түрінде қайырымдылық көрсеткенбіз. Үйлеріне келген сайын лайықты өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайтынмын. Сондықтан Наурыз мерекесі қарсаңында осындай сыйлық жасауды шештік», – деді кәсіпкер.

Үш бөлмелі пәтер жөндеуден өткен және жартылай жиһаздалған. Бұл Индира Қарабекова мен балалары үшін пәтер тосын сый болды. Көпбалалы ана саяжайда жалдамалы үйде тұрып келген.

«Біздің жеке үйіміз болады деп армандайтынбыз. Бірақ бұл арманымыз осыншама жылдам орындалады деп ойламаппын. Асқардың жасаған жақсылығы үшін алғыс білдіремін. Бүгін біздің өміріміз күрт өзгерді», – дейді көпбалалы ана.

Бұл кәсіпкердің алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Осыған дейін кәсіпкер тұрақты түрде қалалық қайырымдылық акцияларына қатысып келеді, мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік шараларының ұйымдастырушысы.

«Біздің кәсіпкерлердің Ізгі істері туралы кеңінен насихаттап, оларды жастар алдында үлгі етіп отыруымыз керек.  Қоғамдағы  өзекті әлеуметтік жобаларды жүйелі шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Менің Атамекенім» жобасын іске қосты. atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөлімінде өтінім қалдыра алады, ал көмек қолын созуға дайын адамдар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады», – деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер