Кәсіпкелер «Бизнес-өсу» курсы бойынша білімдерін тереңдетті
Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кезекті «Бизнес-Өсу» тренингі өтуде
Тренинг кәсіпкерлердің сауда, құқық, маркетинг салалары бойынша білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Бизнес өкілдеріне аталған білім бизнестің ақауын алдын-ала анықтап, оны жетілдіру үшін қажет. Бүгінгі топта кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлермен қатар, осы салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жандар да бар.
Солардың бірі-Рауия Құстанова «Қызылжар-2» ауданынан жер алып, монша құрылысын жүргізуде. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 70% жасалып болды. Осы бизнесті бастау үшін ол былтыр Қазақстанның халық банкінің арнайы әйелдерге арналған бағдарламасы бойынша 10 млн теңге несие алған болатын. Монша құрылысы аяқталғаннан кейін 6 адамды жұмыспен қамтымақ. Жоба арқылы бизнесті сауатты жүргізу мен қызметкерлерді басқару әдістерін меңгеруді қалайды.
Келесі қатысушы Инара Алмағамбетова өз кәсібін үйде отырып-ақ бастаған. Оның қолынан шыққан тұшпаралардың дәмділігін туыстары мен достары мақтап, көбірек әзірлеуін сұрайтын. Сөйтіп, ол тұшпараларды дайындауды кәсіп көзіне айналдыруды ойлайды. Ол үшін шағын цехты жалдады, тапсырыс көбейген соң, қарамағына жұмысшылар алды. Бүгінгі күні «Керуен» сауда маркасымен шығарылатын жартылай фабрикат өнімдерді облыс орталығы ғана емес, аудандық дүкен сөрелерінен көруге болады. Ендігі кезекте Инара өз жеке цехын ашуды жоспарлайды. Ол үшін оған қосымша бизнес машықтар артық етпесі анық.
21 жасар Азамат Базар - жас та болса, аймақтың бизнес әлемінен өз орнын алып үлгерген кәсіпкер. Оның тұрмысқа және автокөліктерге арналған резеңке бұйымдарын өндіретін шағын цехы бар. Өңірдегі құрылыс және көлік саласының күрт дамуына байланысты оның өнімдеріне де сұраныс артқан. Л.Гумилев атындағы университеттің техника бөлімінің студенті бүгінде өндіріске қажетті резеңке бұйымдарының барлық дерлік түрлерін өз цехында жасап шығарады. Азаматтың «Bigness» ЖШС шығаратын тауарларын қаламыздағы ірі сауда орындары сатып алады. Іскер жас бұнымен тоқтап қалғысы келмейді, бизнес білімін одан әрі тереңдету үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өткізетін «Бизнес-Өсу» курсында білім алуда. Бұның алдында «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, бағдарламаның игілігін көргенін айтады.
«Бизнес-кеңесші» курсынан кәсібімді тиімді жүргізу тәсілдерін үйреніп қана қоймай, тауарымды жарнамалауға және клиенттер табуға мүмкіндік алдым. Курстан кейін белгілі компания басшысы хабарласып, резеңке өнімдерді менің фирмаманан алатынын жеткізді. Бұған дейін ол ондай тауарларды Ресейден алып отырған екен. Палата мамандарына алғысым шексіз. Енді өз біліміміді «Бизнес-Өсу» арқылы толықтырмақпын», – дейді жас кәсіпкер.
Айта кету керек, «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша «Бизнес-кеңесші» курсынан өткендігі жөнінде сертификаты бар кәсіпкерлік субъектілері және кез-келген шағын және орта бизнес өкілдері оқи алады. Былтыр «Бизнес-Өсу» жобасы аясында 198 ақтөбелік оқып шығып, жалпы құны 72,3 млн.теңге болатын, 14 жоба қаржыландырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: