«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық кәсіпкерлер 300 отбасын қамқорлыққа алады

2019 жылғы 13 Наурыз
- Маңғыстау облысы
7425 просмотров

Маңғыстаулық құрылысшылар «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан!»  деген атаумен қайырымдылық акциясын бастады. Шара өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларды өз қамқорлығына алу мақсатында жариялады  

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Қайырымдылық шарасының басты мақсаты – өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға қолдау көрсету, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қамқорлық таныту.

 «Қамқорлық көрсетілетін 300 отбасының 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Сондықтан да Жаңаөзен қаласына барып, сол отбасылармен де танысып, жағдайын білетін боламыз», – деді белгілі кәсіпкер Самат Мұсабаев.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде, 10 отбасына шама- шарқынша көмек қолын созбақшы. Әл-ауқаты төмен отбасыларының  жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Олар түрлі бағытта жүзеге асады. Акцияның осылай  аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қайырымдылық қанымызда бар қасиет болғандықтан өңірдің кәсіпкерлері бірігіп, ізгі шараны қолға алып отыр.

«Мақсат – осы шараны басынан бастап аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде айтарым, аймақта кәсіппен айналысамын дегендерге жағдай жасалынған және қолдау көрсетілуде. Талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп. Тек кәсібін қалай бастарын білмей жүр. Қазақта «Бұлақ көрсең  – көзін аш» деген сөз бар. Олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді  қажет етеді», – деді осы жобаға ат салысып жатқандардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.

«Аталған акцияға тұрмыстық жағдайы, күнкөріс деңгейі өте төмен, тіпті ертеңгі ас-суын қалай табарын білмей отырған, көмекке зәру  облыс бойынша 300 отбасы іріктеліп алынды. Олардың тізімі мешіт пен жұмыспен қамту орталықтарынан алынған. Біздің мақсатымыз оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлікпен қамту емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру», – деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова.

Айжани Нұрланованың айтуынша, бұл ізгі шара телевизиялық жоба ретінде ұсынылмақ.

Құрылысшы кәсіпкерлер акцияны «челлендж» ретінде өңір мұнайшыларына жолдады.  Акцияға қолдауға ниетті кәсіпкерлер табылып жатса нұр үстіне нұр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер