Абылай Мырзахметов – Қауымдастықтардың пікірі еленді
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов экспорттаушыларға бағытталған зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаражат жайлы пікірін мәлімдеді.
Басқарма Төрағасы атап өткендей, кәсіпорындардың экспортқа бағытталуы - ел экономикасын дамытудағы басты бағыттың бірі. Елдегі шикізат емес секторды экспортқа шығарудағы басты нарық көздері - Евразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді, Қытай, Ресей, Иран және Орта Азия мен Кавказ елдерінің нарығы.
«Мемлекет басшысы Жолдауда алдағы үш жылда сыртқа тауар шығарушыларды қолдауға шамамен 500 млрд теңге бөлуді тапсырды. Осы қаражат есебінен 15 млрд теңге сыртқа тауар шығарушыларға қаржылай емес қолдау көрсетуге қарастырылды. Бұл қаражат көлемі көршілес Ресей мен Өзбекстан елдерінде экспортты қолдауға бөлінген қаражатқа талдау жасау арқылы анықталып, мемлекеттік деңгейдегі бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін бөлінді», - дейді Абылай Мырзахметов.
Былтырғы жылдың соңында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 15 млрд теңге сомада экспорттаушыларға қатысты барлық қаржылай емес қолдау көрсету жұмысының операторы болуды «Атамекенге» ұсынған болатын.
«Басқарма отырысында ақылдаса келе, біз «Атамекеннің» құзырына кірмейтін іс-шаралардан, атап айтсақ жалпы соммасы 10 млрд теңге болатын қаражаттан бас таруды жөн санадық. Нәтижесінде "Қазақстандық индустрия дамыту институты" акционерлік қоғамы осы іс-шаралардың операторы болып белгіленді. Сондай-ақ, экспортты үйлестіруде Сыртқы істер министрлігінің рөлінің артқанын ескере отырып, отандық тауарларды экспортқа шығарып отырған басты елдерде сауда өкілдерімізді ашудан да бас тартқан болатынбыз. Ал, бұл бағытқа мемлекеттен шамамен 800 млн теңге қаражат бөліп отыр. Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экономикалық қызметінің артуын ескерсек, әрине бұл қызмет түрін елшіліктер атқарғаны дұрыс деп есептейміз. Ал, 1,5 млрд теңге көлемінде экспорттаушыларға сервисттік қызмет көрсетуді жалғастыра бермекпіз», - деп мәлімдеді Абылай Мырзахметов.
Басқарма Төрағасының айтуынша, сервистік қызмет көрсетуге бағытталған мемлекеттік тапсырысты «Атамекеннің» еншілес құрылымы - Сыртқы сауда палатасы бірнеше жылдан бері атқарып келеді. Бұл тұрғыда қажетті тәжірибе жинақталып, экспорттаушылармен байланыс орныққан.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы жылы 927 млн теңге көлемінде экспорттаушыларға бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізуді тұңғыш рет қолға алып, осы жұмысты жүргізуді ұсынған болатын. Тапсырыс беруші бекіткен осы бағыттағы техникалық тапсырмада көрсетілгендей, бұл жұмыстың басты мақсаты – шетелдің маркетолог мамандарын тару арқылы елдегі экспорттаушылардың біліктілігін арттыру. Мәселен, Қытай нарығының өз ерекшелігі бар, еліміздегі кәсіпорындар осы нарыққа шығуды қалайды, дегенмен ол елдің өзіне тән сертификаттау жүйесі мен ішкі ұлттық стандарттары бар екенін ескергеніміз жөн. Сырттан тартылған мамандар елдегі экспорттаушылардың сыртқы нарықтың талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін зерттеуі тиіс. Мемлекет тапсырысы аясында бөлінетін қаржының әр тиыны есептеулі әрі тапсырыс берушінің жіті бақылауында екенін, есеп берудің нақты жүйесі белгіленгенін баса айтқым келеді»,- деді «Атамекен» Басқарма Төрағасы.
Енді мердігерлерді таңдау қалай жүргізілетініне тоқталсақ. Мұндай көлемді жұмысты салалық Комитет оң ұсыныс берген жағдайда, «Атамекенде» аккредиттеуден өткен қауымдастықтың біріне тапсыру болжамдалған.
«Комитет ұсыныс береді. Содан кейін Басқарма бұл ұсыныспен келісетіні немесе келіспейтіні, болмаса, конкурс өткізу жағын шешеді. Комитетте аккредитациядан өткен 17 қауымдастық бар. Өзара дауыс беру кезінде 11 қауымдастық бастаманы қолдаған, ал 3-4 қауымдастық келіспейтінін білдірген. Осыдан соң, 6 наурыз күні Қайта өңдеу өнеркәсібі одағының басшысы Марат Бақұловпен хабарластым. Астанада 7 наурыз күні кездесуге келіскенбіз. Осы жұмысты Қауымдастық консорциумына табыстау жайлы ұсынысты білдіргім келген. Өкінішке орай, кездесудің реті түспеді», - дейді Абылай Мырзахметов.
«Зерттеу және консалтинг орталықтардың қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігін аккредаттеу мерзіміне қатысты Абылай Мырзахметов міндетті 3 жылдық мерзім оң тәжірибесі бар ұйымдар үшін бөгет болмайтынын, «Атамекен» Басқармасының бұл сұрақты айрықша тәртіппен қарауға құзыреті бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын жүргізу әлі де қарастырылу үстінде екеніне тоқталды.
«Комитет құрамының мүшесі, «ҚР Химиктер одағының» басшысы, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров аталмыш қаражатты бюджетке қайтару туралы ұсынысымен бөліскен болатын. Барлық жағдайды және Химиктер одағының ұсынысын ескере келе, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярға қаражатты бюджетке қайтаруды әрі сол қаржыны экспорттаушылардың шығындарын өтеуге бағыттауды ұсындым. Меніңше, бұл өте дұрыс шешім. Комитет және Қауымдастық мүшелеріне осы сұрақты талқылауда ашық пікір білдіргені үшін алғысымды білдіремін», - деп сөзін аяқтады Абылай Мырзахметов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: