«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» Израиль халықаралық ынтымақтастық орталығымен байланыс орнатуда

2019 жылғы 01 Наурыз
- Ақтөбе облысы
3861 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңір кәсіпкерлері «Әлеуметтік кәсіпкерлік» курсы бойынша Израильде білімдерін жетілдірді. Сонымен бірге, «Атамекен» ҰКП бөлімдерінің өкілдері мен  кәсіпкерлердің салалық сапарлары туралы келісімге қол жеткізілді

Бұл жолы қатысушылар Израильдегі үздік әлеуметтік кәсіпорындардың жұмысымен танысуға және ондағы «кәдімгі» бизнесті әлеуметтікке айналдыру тәжірибесін үйренуге барды. Израильдің әлеуметтік кәсіпкерлікке үздік жағдай жасалған елдердің  бестігіне енгені белгілі. Қазақстан үшін Израильдің осы саладағы озық тәжірибелері қызықты болмақ, өйткені бұл тақырып еліміз үшін  өте маңызды болып отыр.

Делегация құрамында ақтөбелік кәсіпкерлер, сондай-ақ, «Қазақ соқырлар қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры Дәметкен Жолмағамбетова бар. Топты Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова бастап барды. Ол – Израиль мемлекеттері Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігінің МАШАВ бағдарламасының түлегі.

«Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлікті қоғам дамуының көрсеткіші деуге болады. Қоғам жақсы дамыған сайын әлеуметтік кәсіпкерлік те өрістейді. Яғни бұл бизнестің шектеулері аз, қоғам мәселелерінің шешімін табатын бірден-бір саласы. Қазақстанның дамуының қазіргі кезеңінде әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетті сегменті бар,  біз оны толтыруымыз керек және бұл үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілуін күтудің қажеті жоқ деп есептеймін. Егер ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тартуға немесе қоғамның кейбір проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіретін компаниялар болса, біз оны бизнестің қалыпты сегменті ретінде қабылдап, көмек көрсетуіміз керек», – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік»тақырыбындағы  курс  аясында ақтөбелік делегация Хайфа қаласында болып, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

«Жұмыс сапарларының ішінде, әсіресе, Батыс Галилея,Мисгавтағы электрондық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын әлеуметтік бизнес нысаны – «Қоғамға арналған экология» – Ecommunity-де болған ұнады. Ecommunity тобында ерекше қажеттілігі бар жандарды әділ әрі тұрақты жұмыспен қамту, жеке даму, құқықтар мен мүмкіндіктерін кеңейту арқылы біріктіру жолға қойылған.  Ecommunity ұйымының негізін қалаушы Дани Коганмен кездесу барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың «көрінбеуі» мен қоғамда қабылдануын өзгерту туралы ақпараттарды көбірек жариялау мәселелері талқыланды», – дейді кәсіпкер Айгүл Сейітжаппарова.

Израильдегі бизнес пен оңалту ісі біріктірілген тағы бір ең үлкен әлеуметтік бизнес-нысаны «Ха Мешакем» деп аталады. Ұйымда  үш мың жұмыс орны мен 30-дан аса бөлім бар. «Ха Мешакем» тірек-қимыл жүйесі, есту, көру мүшелері, ойлау қабілеті бұзылған, мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істейтін жартылай мемлекеттік кәсіпорын болып табылады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту саласындағы үздік мемлекеттер қатарынан дәстүрлі түрде Ұлыбритания мен Түркия, Үндістан және Бангладеш орын алып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша Израиль әлемде бесінші орында тұр және бизнестің осы түрі ғана әлеуметтік өткір мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

«Израиль мәдениетінің өзіндік ерекшелігі – адамдар әуелден бір-біріне көмектесуге бейім. Израильдің әрбір бесінші тұрғыны осы секілді немесе басқа да аурулармен ауыратыны анықталған.Сол себепті кәсіпкерлер мұндай жандардың бос отырмауына жағдай туғызу туралы шешім шығарыпты.  Қазіргі уақытта Израильдегі шағын және орта бизнес жалпы бизнестің 90% -ын құрайды, оның жартысынан көбі – әлеуметтік кәсіпкерлер. . Мемлекет пен осы түрдегі бизнестің ынтымақтастығы жыл сайын елге миллиард доллардан астам табыс әкелетіні есептелген.  Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін арнайы қорлар құрылған. Бірақ оның жалпы тұжырымы пайда табуға бағытталған»,  – дейді ақтөбелік кәсіпкер Гүлжан Сағындықова.

«Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік үрдіске айналып, жаңа сатыға көтерілді деуге болады. Дегенмен, отандық бизнес жаңа уақыт талабына біртіндеп үйренуде  . Мұнда әлеуметтік проблемаларды шешуді жүзеге асырумен қатар, «бизнесті де жүргізу» керек. Кәсіпкердің бұл екі векторды қатар алып жүруі оның қайырымды жаннан басты ерекшелігі болып табылады. Біздің мақсатымыз – әр компания мүгедек жандарға қандай жұмысты аутсорсингке бере алатынын, не ең болмаса бір ерекше жанды жұмысқа алу мүмкіндігін қарастыруына ықпал ету. Біз бұл тәжірибенің таралуын қамтамасыз ететін боламыз» – деп түсіндіреді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Болашақта Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы мен МАШАВ орталықтың қызмет саласына жататын екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бірінші жартыжылдық аяқталғанша Ақтөбеден балық шаруашылығы және жылыжай ісі бойынша тағы екі делегат құру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ, байланыс және тәжірибе алмасу мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының өкілдеріне әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша іссапарлар ұйымдастыру көзделген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер