Нұрсұлтан Назарбаев: «Өңір мәселелері популизмсіз шешілуі керек»
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезінде Нұрсұлтан Назарбаев өмір сапасы стандарттарына негізделген «Елдің жаңа картасын» құруды тапсырды
Съезд делегаттары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы республикадағы өңірлік дамуда әлі де олқылықтар барын айтты. Қазақстанда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр, алайда «адамдар нәтижесін көрмей отыр».
«Үкімет пен әкімдер барлық әлеуметтік проблемаларды популизмсіз, көрсеткіш қумай конструктивті тұрғыда шешуі тиіс. Еліміздің әрбір өңірінің стратегиялық маңызы бар. Біз өмір сапасының жаңартылған өңірлік стандарттарына негізделген елдің жаңа картасын қалыптастыруымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент шағын және моно қалалардың дамуына алдағы үш жылда қосымша 10 млрд теңге бөлуді тапсырды.
Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердің даму жоспарын құруды тапсырған. Әр өңірдің экономикалық ерекшелігін айқындау және кәсіпкерлік дамуына әлеуетті бағыттарды анықтау мақсатында «Атамекен» ел ауқымында скрининг жүргізуді қолға алды.
Пилоттық режимде скрининг Түркістан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандары, Қостанай облысының Арқалы қаласы, сонымен қатар Атырау мен Ақтөбе облыстарында жүргізілді.
Атырау облысында жүргізілген скрининг нәтижесінде облыстың импортты алмастыру бойынша әлеуеті 105 млрд теңге құрайытыны анықталды. Қарапайым тілмен айтқанда, сырттан келетін тауарларды өңірде өндірсе, онда жергілікті кәсіпорындардың табысын осы сомаға ұлғайтып қана қоймай, сонымен қатар бюджет түсімдерін 31,5 млрд теңгеге арттырып, қосымша 8 900 жұмыс орнын құруға болады.
Скрининг және іскерлік әлеует бойынша барлық ақпаратты бірыңғай геопорталға шығару ұсынылды, геопартал «Өңірлік даму картасы» болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: