Қызылордада жас отбасы «Бастау» жобасы аясында кәсібін ашты
Қызылорда қаласына қарасты Досан ауылының тұрғындары, жас отбасы Амангелді мен Айнұр замандастарына үлгі болатын жастар. Бүгінде олар қолдан келетін істері бойынша ашқан кәсіптерін сәтті жүзеге асыруда. Алдымен үй ішімен ақылдасып, одан кейін Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алады.
Айнұр оқу орнын оқып, мамандық алғанымен тұрмысқа шығуына байланысты үй шаруасынан айналысып келді. Ол үйде отырса да қыздарды сәндеудің әдіс-тәсілдерін үйреніп, ауылдағы қыз-келіншектерге қызмет көрсетті. Уақыт өте сұраныстың артуы Айнұрға өз кәсібін ашуға ой салады.
Осылайша, Айнұр ауылда шаштараз болмаған соң қызмет көрсетудің осы түрін таңдаса, Амангелді өзінің негізгі мамандығы – автокөлік жөндеу орталығын ашуды жоспарлайды. Жас отбасының мақсаттарының орындалуына «Бастау» жобасы септігін тигізді.
Жобаға отбасы атынан Айнұр қатысып, 1 ай көлемінде кәсіпті жүргізудің алғы шартымен танысады, біліктілігін жетілдіреді. Бизнес-тренерімен бірге бизнес-жоспарын әзірлеп, болашақ кәсібінің моделін қалыптастырады.
«Бастауды» Айнұр оқығанымен бизнес отбасылық болып саналады. Сондықтан да Айнұр мен Амангелдінің бизнес-жоспары өзгелерінікіне қарағанда ерекше. Бір жоспарда екі идея бар», - дейді Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Олжас Аяғанов.
Бір айлық курсты бітірген соң Айнұр облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн.теңге несие алады.
Аталмыш қаржыға Амангелді автокөлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету орталығына қажетті құрал-жабдық алса, Айнұр сұлулық салонын ашып алды.
«Досан мен Абай ауылдарына техникалық жөндеу орталығы мен шаштараз біреу ғана болғандықтан жұмысымыз, шүкір, сәтті. Алға басып жатыр. Келушілер саны күннен күнге артып жатыр. Осындай жобаны ұйымдастырып, бізге ұсынған мемлекетімізге алғысымыз шексіз», - дейді кәсіпкер Айнұр Нұрлыбек.
Ал Амангелді Датқабеков: «Кәсіпті бастауға алған несиеміз техникалық жөндеу орталығының бір боксын салуға ғана жетті. Алдағы уақытта қосымша бір бокс ашып, жаныма жұмысшы алғым келеді. Жолдасымның да сұлулық салонын кеңейту жоспарымызда бар», - дейді.
Айта кету керек, қазір Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасына қатысушылар үшін құжат қабылдауды бастады. Алғашқы тестілеу сынағы 11 наурызда өткізілмек. Жобаға қатысты туындаған сауалдар бойынша 8 /7242/ 40-09-81 байланыс телефонына хабарласып, Палата сарапшысы Шоникова Салтанаттан кеңес алуларыңызға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: