«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірдегі бизнес мәселелерін шешуге қоғамдық көмекшілер атсалысады

2019 жылғы 13 Ақпан
- Батыс Қазақстан облысы
10841 просмотров

148 қоғамдық көмекші Батыс Қазақстан облысындағы бизнестің мәселелерін зерттеу және жинақтау жұмысына жұмылдырылды. Бұл туралы atameken.kz сайтына сұхбат беру барысында БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов хабарлады.

–Нұржан Ерболатұлы, осы жылға бизнесті қорғау және әкімшілік кедергілерді анықтау бойынша қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарланған?

– «Атамекен» ҰКП стратегиялық мақсаттарының бірі – қазақстандық бизнесті дамыту жолында әкімшілік кедергілерді азайту екені белгілі. Осыған байланысты БҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімі кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмысты белсендіру мақсатында биыл «Жергілікті деңгейде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік бастамаларын өсіру жобасы» әзірленді.

 –Аталған жобаның негізгі міндеті қандай?

–Жобаның басты мақсаты – Өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқық қорғау бойынша функциясын күшейту, кәсіпкерлік бастаманың өсуіне атсалысу, сонымен қатар  кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын  қорғау және қолдау, өңірдегі іскерлік ахуалды одан әрі дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша аймақтық филиалдар мен ауыл кәсіпкерлерінің жұмысын жандандыру. «Қоғамдық көмекшілер» инстиутын құру арқылы кәсіпкерлік қоғамдастық, жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас деңгейін жоғарылату – жоба негізіне алынған.

Бұдан бөлек құқықтық блок қоғамдық көмекшілер арқылы кәсіпкерлік қоғамдастықпен кері байланыс орнатып, ауыл мәселелерін ауылдық өкілетті органдар деңгейінде, аудандық мәселелерді – аудан деңгейінде, облыстық мәселелерді – облыс деңгейінде уақытында шешілуіне қол жеткізбек.

–Осы бағытта қандай жұмыс атқарылды?

–2018 жыл желтоқсан айында біздің бастамамызбен барлық 12 ауданда әкімдіктердің отырыстарында «Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» жекелеген мәселе қаралды, нәтижесінде 12 қаулы қабылданды. Осы қаралған мәселе шеңберінде аудан әкімдіктеріне әр ауылдық округ бойынша жергілікті жерде беделі бар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және филиалдарына жергілкті жерде кәсіпкерліктегі мәселелерді анықтауға көмектесе алатын кәсіпкерді қоғамдық көмекші етіп тағайындауды ұсындық.

Сондай-ақ кәсіпкерлікті қорғау және қолдауды күшейту мақсатында мәслихат хатшыларына облыстық мәслихат депутаттары қатарынан өңірлік палата мен облыстық филиалдармен бірлесіп проблемалық мәселелерді, бизнес дамуын тежейтін әкімшілік кедергілерді анықтап, зерттеп, қорытындылауға, түйткілдерді арнайы комиссия қарауына жіберуге атсалысатын  бір кәсіпкерді анықтау бойынша ұсыныс жасалды. Біз жіберген хаттар жергілікті органдармен уақтылы қаралды.

Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау мәселелері, әкімшілік кедергілерді анықтау мәселелірмен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және филиалдарының менеджерлерінен бөлек 148 қоғамдық көмекші айналысуға кірісті. Қазіргі таңда қоғамдық көмекшілер туралы ақпарат беретін қоғамдық көмекшілер базасы құрылды. Мәліметтер Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сайтында жарияланған. Осылайша жергілікті атқарушы органдар және өкілетті органдардың қолдауымен біз барлық деңгейді қамтумен қоғамдық көмекшілердің пулын жасақтадық. Атқарылған жұмыс нәтижесін беруде.

 –Жобаны жүзеге асыру енді басталды, дегенмен белгіленген нәтиже орындалды ма?

–Орындалды. Мәселен, қоғамдық көмекшілер пулы құрылған соң аудандық филиалдарға АӨК саласы, Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелеу, салықтар бойынша орын алған мәселелер бойынша 8 сигнал түсті, олар аудан деңігейінде қаралды. Осындай жұмысты жүйелі негізде өткізуді жоспарлап отырмыз, нәтижесі жақсы болады деген сенімдемін.

Нұржан Ерболатұлы, толымды ақпарат үшін рахмет. Жаңа жобаны жүзеге асыруда қойылған мақсаттар орындалсын.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер