ШҚО мердігерлері жол жөндеу тендерлеріне түсуден неге бас тартуда?
«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесіне Шығыс Қазақстан облысындағы мердігерлік ұйымдардан құрылыс материалдар және қызметтердің сметалық құнын төмендету туралы ұжымдық өтінім түскен болатын. «Атамекен» алаңында бұл мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланды.
Күн тәртібіндегі басты мәселе ШҚО жолды орташа жөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлердің бізге түскен шағымы. Бұл кісілер жол жөндеу бойынша тендерге қатысудан бас тартып отыр. Жиынның беташар сөзін «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов бастады.
« Біз бүгін, екі тараптың да уәжін тыңдап, ортақ мәмілеге келуіміз керек. Содан кейін, Президент әкімшілігі арқылы қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Әзірге, сөз өздеріңізде, мәселенің басын ашып алайық»,- деді Қайырбек Сүлейменов.
«Нарықтағы нақты баға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық комитетімен бекітілген Құрылыс материалдарына сметалық бағалар жинағындағы бағадан екі есе жоғары. Мәселен, сметада салқын асфальт-бетонның бағасы – 12 867 тн/теңге, ал нарықтағы баға – 16 000 тн/теңгені құрайды, жабысқақ битумның сметадағы бағасы – 86 697 тн/тг, ал нарықтағы бағасы – 160 000 тн/теңге тұрады. Бұл жерде кәсіпкерлердің не үшін шағымданғаны түсінікті және ол кісілердің сөзінің жаны бар», - дейді ШҚО «Атамекен» ҚР ҰКП директоры Игорь Шацкий.
Өзінің жерлестерінің мұң-мұқтажын Астанаға арқалап келген Федосов Александрдың да айтары аз емес екен.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыз не деді? Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіңдер деген жоқ па? Ал, біздің арбамыздың дөңгелегі кері айналып бара жатқан секілді. Жол жөндеуге берілген қаржы ескі норматив бойынша жазылған. Ал, ол норматив нарықтағы қазіргі бағаммен сәйкес келмейді. Қажетті материалдар кемі 40 пайызға қымбаттап кеткен. Сонда бізге не істеу керек? Меніңше, 3 жол бар. Біріншісі, бөлінген қаржыны жұмсап, жеткізе алмай банкрот болу. Екіншісі, бөлінген қаржыға өз қалтаңнан қаражат қосып, онда да банкрот болу. Үшіншісі, бөлінген қаржыны алып, сапасыз жол салу. Бірақ, бұның арты не болатынын бәріңіз де білесіздер. Ертең біздің соңымызға пагондағы адамдар түсіп, түбінде жауапқа тартыламыз»
«Біздің Комитет жолды орташа жөндеу жұмыстарына жауап бермейді. Негізі баға екі түрлі бекітіледі. Біріншісі – ресурстық әдіс, екіншісі – базисті-индексті әдіс. Бірінші әдісте баға нарықтағыға мейілінше жақын болады. Бұл мәселеніі де есепке алған жөн.», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық Комитетінің төрағас орынбасары Алмаз Ыдырысов
«Кәсіпкерлердің сөзінің де жаны бар. Кейде ұсынылған нормативтер бекітіліп, күшіне енем дегенше нарықтағы бағамның өзгеріп кететіні рас. Битум өндірушілер саласында бәсекелестіктің жоқтығы да бар. Келісім жасалған кезде, егер ұзақ мерзімді қызмет көрсетілетін болса алдағы уақыттағы нарық бағамы да қарастырылатындай жағдай жасауымыз керек», - дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Тексеру комиссиясы төрағасы Құдайбергенов Нұрлан
Жалпы, отырыстан ұққанымыз екі тап арасында өзара түсіністік бар. Тек, қана мәселелерін заң аясында жылдам шешіп отыратын механизм тетігін табу керек секілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: