«Мұғалім мәртебесі туралы» заң ұстаздарды ұлықтай ала ма?
«Алты Алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев тегіннен тегін айтпаса керек-ті. «Атамекен» алаңында Елбасымыздың 2018 жылдың 5 қазанында халыққа жолдаған жолдауында көтерген «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасы қызу талқыланды.
Дөңгелек үстел тізгінін «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті Төрағасының орынбасары Шонаева Ләззат ханым өз қолына алып, осы заң аясында жекеменшік секторлардың білім беру қызметкерлерінің жай-күйі де қарастырылатынын тілге тиек етті.
«Біз бұл заңды ұзақ күттік. Мұғалімдер қоғамда қолбала қызметін атқарып кеткендігін бәріңіз көріп отырсыздар. Ұстаздар қауымын ойға да қырғада қуа беруді доғару керек. Елбасымыздың өзі бұл мәселеге баса назар аударған соң айтылған жерде қалмайтынына сенеміз. Себебі, бұл салада қордаланған мәселелер көп. Біздің кәсіподақ Елбасының осы ойымен толық келісіп, әріптестеріміздің заңмен қорғалғанын қалайды»,- дейді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Білім және ғылым қызметкерлері салалық қауымдастығының төрайымы Майра Амантаева.
Жалпы, талқыланып жатқан заң жобасы 6 тараудан, 21 баптан тұрады. Бұл заңды талқылауға еліміздегі әрбір мұғалім ат салысты десек қателеспейміз. Жер-жерде арнайы топтар құрылып, сол ұсыныстар негізінде заң жобасы әзірленген.
«Заң жобасын талқылау комиссиясын іріктеу кезінде ешкімді лауазымына және шеніне қарап таңдамадық. Барынша ашық жұмыс жасалды. Мәселен, «Білім туралы» заңымызда мұғалімдерді өз саласынан бөлек жұмысқа тартуға шектеу бар. Бірақ, ондай оқиға орын алған жағдайда қандай шара қолданылатыны айтылмаған. Енді, осы заң күшіне енер болса, мұғалімді қосымша жұмыстарға тартқан тұлғалар заң алдында жауап беретін болады. Біздің қолымыздағы мәліметтер бойынша мұғалімдік мамандығына орта есеппен 70-80 балл жинаған түлектер түседі екен. Білім сапасын, мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында бұл жерде де қандай да бір талаптар қосатын шығармыз. Тәуелсіздігімізді енді алып, аяғымыздан енді тұрған шақта жасаған қателіктеріміздің әсері енді тиіп отыр. Дегенмен, осы заң аясында көптеген олқылықтардың орнын толтыруымыз керек»,- дейді Астана қаласы гумманитарлық колледж директоры Елдос Нұрланов.
«Сіздер мына заң жобасын талқылап жатсыздар. Оның бәрі дұрыс қой. Бірақ, жекеменшік секторлардағы мұғалімдер жайына көңіл бөлінеді ме? Оларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек беріледі ме? Себебі, дәл қазір білім берудің жекеменшік саласында олардың біліктілігін тұрақты түрде көтеріп отыратын шама жоқ. Оны да ескеру керек. Егер, заң мұғалімдерге 56 күн, балабақша тәрбиешілеріне 42 күн демалыс беруді міндеттесе, біз сол заңға бағынуымыз керек пе?»,- деп өз сұрағын қойды Қазақстанның мектепке дейінгібілім беру қауымдастығының төрайымы Ләйлә Ескендірова.
Білім министрлігінен келген өкілдердің жауабы нақты болды. Бұл әзірге талқыдағы жоба. Егер де заң солай бекітсе демалыс көрсетілгендегідей берілуі тиіс. Әйтпесе, жұмыс беруші ҚР заңын бұзған болады.
Жалпы, жобада мұғалімдердің материалдық жағдайына қатысты мәселелер де қарастырылуда. Мәселен, баспана алу мақсатында ипотека алар болса мұғалімнің айлығы ипотека талаптарына жеткіліксіз. Осындай жағдайларда не болмаса «7-20-25» сынды бағдарламалар аясында алғашқы салымсыз баспана алу мәселелері қарастырылуда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: