«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Соңғы екі жылда Қызылордада экспортқа арналған сертификат алушылардың қатары 40 пайызға өсті

2019 жылғы 16 Қаңтар
- Қызылорда облысы
9991 просмотров

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты

  2009 жылы елімізде отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында, өнімнің Қазақстаннан шығатындығын көрсететін, тауардың шығу тегін айқындайтын «CT-KZ» сертификаты қолданысқа енгізілген болатын.

  Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығарылуы туралы сертификат беру және оның күшін жою шаралары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 155 бұйрығымен бекітілген қағида негізінде жүзеге асырылады.

  «2014 жылдан бастап тауардың шығу тегін анықтайтын сертификатты рәсімдеу және беру шараларын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палаталары жүргізіп келеді. Біздің өңірімізден тауарларды экспорттауға арналған сертификат негізінен күрішке, балыққа, ас тұзы мен мазутқа, мұнай мен ванадий кеніне берілуде. Бір кәсіпкеріміз тіпті 2017 жылдан бастап сафлор майын өндіріп, Қытайға экспорттауда. Көңіл қуантарлығы, соңғы екі жылда экспортқа шығарылатын тауарларға рәсімделген сертификаттардың көлемі 40 пайызға өскен. Бұл өңірімізде экспорт көлемінің артқандығын көрсетіп отыр», – дейді Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов.

  Өткен жылдың өзінде Қызылорда облысынан экспорт үшін 1065 сертификат, 104 «СТ-КЗ» сертификаты берілген. Бүгінде қызылордалық өнімдер ТМД елдерімен бірге, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Латвия, Швейцария елдеріне экспортталуда екен.

  Палата басшысы өз ақпаратын «CT-KZ» сертификатының облыста күрішке, тазартылған суға, сүтке, ас тұзына, темір-бетон өнімдеріне, тігін бұйымдары мен жиһаздарға, құрылыс материалдарына, полимер трубаларына, химикаттар мен мұнай құрылғыларына беріліп жатқандығымен де толықтырып өтті.

  Атап өту керек, қазіргі таңда Қызылорда облысында халық тұтынатын өнім өндірушілермен бірге, өндірістік мақсаттағы тауарөндірушілер, яғни аймақ нарығы ерлер киімін тігетін, қап шығаратын, құрылысқа арналған әктас, машина-құрылыс саласы мен химиялық өндіріс өнімдерін шығарушылар қатарымен толығуда. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер