«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Электр қуаты мәселесі қалай шешіледі?

2019 жылғы 16 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
8773 просмотров

 Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасында Мұнайлы ауданының кәсіпкерлерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда кәсіпкерлер Басқұдық ауылында орналасқан сауда орталығына электр қуатын үзіліссіз жеткізуде қиындықтар тындағанын және тиісті мекемелердің қызметті жалғастырудан бас тартып жатқаны айтылды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олардың  нысандары жоғары вольтты ұяшыққа қосылған әрі «Маңғыстау Жарық» ЖШС-не электр энергиясына қарыздары жоқ. Соған қарамастан, олардың бизнес-нысандарында ток жиі сөнеді. Соның салдарынан азық-түліктің бүлінуі, электр-тұрмыстық құрылғылардың істен шығуы қиындық туғызуда. «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК, «Маңғыстау электр тарату желісі компаниясы» АҚ және «Маңғыстау Жарық» ЖШС апаттық-құтқару қызметтеріне хабарласса, олар бір-біріне сілтеп, ақауды түзеуден бас тартады екен. Мұндай жағдай салдарынан кейде бірнеше күн бойы электр қуатсыз қалуға мәжбүр болады. Кәсіпкерлер осы жағдайды шешуге көмек сұрайды.

«Маңғыстау Жарық» ЖШС заңгері С. Даулетпақова:

-Бұл кәсіпкерлер «Маңғыстау Жарық» ЖШС-нің №19 ұяшығынан ток көзін алып отыр. Оған дейінгі желі «Маңғыстау электр тарату желісі компаниясы» АҚ тиесілі, ал ұяшықтан кейін «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК қызмет көрсетеді. Олар электр энергиясын бөлуші ұйымдар болып табылады әрі өзара тиісті келісімдер бар. «Маңғыстау электр тарату желісі компаниясы» АҚ қызмет көрсету желісінде апат өте сирек кездеседі және болған жағдайда дереу хабарланады. Ал, «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК қызмет көрсету желісінде апат жиі орын алады, өте баяу қалпына келтіріледі. Бұл туралы көпшілікке хабарланбайды. «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК жергілікті әкімдіктің тапсырмасы бойынша осы желіге қызмет көрсеткенін алға тартады. Іс жүзінде бұл желі ұзақ уақыт бойы апаттық күйде. Енді осы жылдың 15 қаңтардан бастап «Ақтау электр желілері басқармасы» кәсіпорны осы желінің жарамсыздығына байланысты 19-ұяшықты энергиямен қамтуды тоқтату туралы хат жіберді. Бұл жағдайда «Маңғыстау Жарык» ЖШС-і энергия тұтынушыларымен қызмет көрсету келісімшарттарын жасасудан бас тартуға мәжбүр болады және осы желіден қуат алатын барлық нысандар электр жарықсыз қалады.

Сонымен қатар «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК өкілі Е. Белобородов:

«Осы желіні 2017 жылы әкімдіктің тапсырмасымен ешқандай ресми құжатсыз қабылданды. Бұл желінің техникалық жағдайы нашарлығы туралы акт жасалды. Бұған дейін «Маңғыстау энерго» МКК қызмет еткен аумақта құжат қиындығы көп. «Маңғыстау электр тарату желісі компаниясы» АҚ оларды техникалық шарттармен қамтамасыз етуге мәжбүр болды, олар тек тұтынушылар тізімін алды. Бұл желі шынымен ескірген, сол себепті төтенше жағдай, жарықтың өшуі жиі кездеседі. Желі бойымен жүріп, апат себебін іздейді. Жағдайды қалпына келтіру ұзаққа созылатын да сондықтан», – дейді.

  

«Энергиямен жабдықтау мәселесін шешу үшін мен кәсіпкерлер жақын жерде орналасқан 16-желіге қосылуға кеңес беремін. Егер кәсіпкерлер өзара келіссе, «Маңғыстау энерго» кәсіпорны техникалық жағдайды қамтамасыз етуге дайын», – дейді Басқұдық ауылдық әкімдігінің маманы Ж. Құрманов.

Кездесу барысында Маңғыстау облысының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н. Орынбасаров облыстық әкімдікте өткен басқосуда 19-желінің қызмет ету мерзімін тағы бір жылға ұзарту тапсырылғанын айтты. Енді «Маңғыстау Жарық» ЖШС-мен энергия қызметтері туралы келісімшарт жасауға шақырды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша, жергілікті әкімдік, «Ақтау электр желілері басқармасы», «Маңғыстауэнерго», «Маңғыстау электр тарату желісі компаниясы» АҚ және «Маңғыстау Жарық» ЖШС өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Кәсіпкерлерді энергиямен қамтамасыз ету мәселесін қарастыру және 2019 жылдың 21 қаңтарына дейін кәсіпкерлерді шектеулі бір жылдық емес, үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша нақты ұсыныстар дайындау қажеттігі тапсырылды», – деп мәлімдеді Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ш. Сұлтанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер