«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Самғау» түлектер форумы инновациялық жобаларға серпін береді

2019 жылғы 05 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
2541 просмотров

 Бүгін Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әр жылдары бітірген 200 түлек бас қосқан «Самғау» форумы өтті.

Кездесудің мақсаты – түлектер мен мектеп арасында белсенді қарым-қатынас орнату, бейресми, нетворкингтік кездесу ұйымдастыру. Сондай-ақ, форумда түлектердің арнайы шақырылған кәсіби мамандармен қазіргі заманда сұранысқа ие салалар мен маңызды мәселелер туралы пікір алмасуы көзделген. Іргесі 2013 жылы қаланған заманауи білім ордасын бітірген түлектер биыл жоғарғы оқу орнының 4-курсында оқып жатқандықтан, мектеп олардың болашақ мамандықтарын табуға жол сілтеуді міндет етіпті.

«Мектебімізді бітірген түлектердің жоғары нәтиже көрсететініне сенімдіміз. Дегенмен, олардың білімдерін Қазақстанның, оның ішінде, туған өлкеміздің дамуына жұмсаса деген тілегіміз бар. Осы мақсатта біз бүгін түлектерге берілетін мүмкіндіктермен таныстыру үшін өңірге белгілі мекеме басшыларын шақырып отырмыз», – дейді Ақтөбе Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов.

Форум қатысушылары мемлекеттік органдардың және ірі кәсіп иелерінің өмір жолы мен XXI ғасырдағы жас маманға қойылатын талаптар туралы баяндамаларын тыңдады. Мектеп түлектеріне Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов пен «Дастан» компаниялар тобының басшысы Асхат Айтжанов заманауи экономиканың және кәсіпкерліктің даму жағдайы туралы айтып берді.

«Біз жыл сайын өңірдегі бизнес ахуалды анықтайтын әртүрлі талдаулар жасаймыз. Бүгінгі таңда өңірде 53,2 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Онда 134 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – экономикалық белсенді тұрғындардың 30% деген сөз. Олардың 60% пайызы сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Жалпы экономиканың 44% өңдеу өнеркәсібі құрайды. Міне, осы салалардың барлығына кәсіби мамандар қажет. Сонымен қатар, мамандыққа қажеттілікті зерттеу нәтижелері бойынша еңбек нарығында әлі де болса, IT мамандары мен инженерлер, ауылшаруашылығы, медицина және жұмысшы мамандары жетіспейді. Сондықтан, осы салаларды таңдасаңыздар, қателеспейсіздер», – деді ӨКП басшысы Нұрлыбек Мұқанов.

Форум соңында Кәсіпкерлер палатасының директоры жекелеген түлектерге өңірдің бизнес қажеттіліктері мен саланың даму мүмкіндіктері туралы арнайы дәріс өткізді. Шара аясында түлектер компания өкілдерімен визитка алмасуға және мансап туралы әңгімелесуге мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар форумның жаңа инновациялық бастамаларға серпін береріне сенімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер