«Жарқыра» бағдарламасы шеңберінде 8 әлеуметтік бизнес-жоба қаржыланды
2018 жыл бойынша бағдарламаны жүзеге асыру қорытындысы Атырауда өткен Әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайында айтылды.
Айта кетелік, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Орта Азияның Еуразия қорымен жүзеге асырылып жатқан «Жарқыра» жобасының мақсаты Атырау облысы қоғамдастықтарының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларына тұрақты бизнес-шешімдерді ұсынуға бағытталған инновациялық әлеуметтік бастамаларға атсалысу болып табылады.
«Жалпы Қазақстандағы қорымыз 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту идеясы 2015 жылы келді, ол уақытта біз «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына қатыстық. Әлеуметтік-кәсіпкерлік жобалардың ерекшелігі – оларды бір рет қаржыландырған соң, өзін-өзі ақтай алатын негізде жұмыс істей алады. Идеямыз қолдау тапты. Үш жыл ішінде 540 өтінім келіп түсті, жыл сайын тізімде 25 жоба жартылай финалға өтеді, оның 5-6-сы кепілді қаржыландыру алады», – деді Орта Азияның Еуразия қорының әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламалар директоры Айгүл Тағатова.
2018 жылдың жеңімпаздары қатарында – 8 жоба бар: босануға дайындау орталығы, ішкі аймақтық туризм бойынша жоба, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі спорт орталығы, Құлсары қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналаған балабақша және балаларға арналған білім беру орталығы. Бұл жобаларды жалпы қаржыландыру құны 13,3 млн теңгені құрады. Жобалар Атырау облысының 1000-ға жуық тұрғынын қамтиды деп күтілуде.
Бағдарлама қорытындысын шығарудан бөлек Әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайы барысында өңірде әлеуметтік бастамаларды қолға алған азаматтар мен ұйымдарға құрмет көрсетілді. Оның ішінде Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы да бар.
«Бізге бизнес-қоғмадастық тарапынан көрсетілген қолдау өте маңызды. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қорының өңірлік филиалы бізге тұрақты түрде ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Осыған дейін біз Жылыой облысы мен Атырау қаласы бойынша жұмыс істеген болсақ, қазір барлық аудандардың өтінімдерін қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар 2018 жылы пилоттық режимде Маңғыстау облысында жұмыс істедік. Келешекке жоспарларымыз көп», – деді Айгүл Тағатова.
Қаржылық көмектен бөлек «Жарқыра» бағдарламасының жеңімпаздары мамандықтары бойынша елде және шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: