Тауарлық чекке- автокөлік: Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік кіріс комитетінің бірлескен акциясы жеңімпазы анықталды
Алматы облысының тұрғыны Орынбала Іле ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен «Чек талап ет - жүлдені ұтып ал» акциясының жеңімпазы атанды.
Ол 360 теңгеге сауда жасап, чек суретін тиісті мекен-жайға жіберіп, «АЗИЯ АВТО» АҚ отандық өндірушіден автокөлік ұтып алды.
«Ооо, біз машина ұтып алдық, - деді қуанышын жасыра алмай Орынбала. - Көп рахмет, күтпеген жерден. Біз көп чек жібере алмап едік, қандай керемет!».
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, акция ҚР ҚМ МКК мен Ұлттық палатаның өзара іс-қимыл бағыттарының бірі.
«Жеңімпаздарды таңдау үдерісі ашық өтті, ал қатысушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Бас жүлдені қазақстандық бизнес ұсынғаны екі есе қуантады. Біз рейдтік тексерулерден гөрі, қоғамдық бақылау жағына қарай жылжып келеміз», - деді Олжас Ордабаев.
Акция кәсіпкерлік субъектілерінің салық заңнамасын сақтауы бойынша қоғамдық бақылауға белсене қатысып қана қоймай, бағалы сыйлықтар ұтып алуына мүмкіндік берді.
«Біз бұл акциямен тоқтап қалмаймыз. Осындай акциялар біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналады. Комитет акцияны өткізудің аталған форматын жалғастыруды жоспарлап отыр, сонымен қатар, акция форматын фискалдық деректер операторлары тарапынан өткізу жолымен кеңейтуді жоспарлап отыр. Біз супермаркеттер мен сауда орталықтарынан шықпай - ақ жедел акциялар тетіктерін қарастырамыз», - деп атап өтті ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов.
Акция 21 мамырда басталып, 30 қарашаға дейін жалғасты. Қазақстан азаматтары өз чектерінің фотосуреттерін «Wipon» мобильдік қосымшасы арқылы жіберді. Осы уақыт ішінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кіріс комитеті «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп еліміздің әр қаласы мен облысында жүлделерді сарапқа салды.
6 ай ішінде 2,3 млн чек алынды, олардың басым бөлігін Алматы мен Түркістан облысының тұрғындары жіберген. Ең көп чекті, атап айтқанда 91 мыңды Түркістан облысының тұрғыны Жанара Қозғамбаева жинапты.
«Бұл күтпеген тосынсый. Барлық туысқандар чектерін жинады, облыс, Шымкент қалаларындағы дүкендерден чектер келді. Тіпті көршілер де көмектесіп, чектерінің фотосын салды», - деп қуанышпен бөлісті Жанара Қозғамбаева.
Ынталандыру сыйлықтары, теледидар мен планшетті Астана қаласынан Ұлтай Ысқақова мен Алматыдан Айнұр Охановаға бұйырды.
«Чек талап ет - жүлдені ұтып ал» акциясы жеңімпаздарын анықтау рәсімінің бейнежазбасын мына жерден қараңыз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: