Алматы облысының Іскер әйелдері кеңесі 2018 жылғы қызметін қорытындылады
Бизнесханымдар әйел кәсіпкерлігінің мәселелері мен оларды шешуге арналған 50-ден астам семинар-жиындар мен форумдар өткізген
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі 2018 жылы атқарған жұмысын қорытындылауға арналған салтанатты шарасы Талдықорғанда өтті. Жиынға ұйымның мүшелері мен серіктестері – мемлекеттік органдар басшылары, аудан әкімдері, қоғам және саяси қайраткерлер шақырылды.
Іс-шараның ашылуында сөйлеген Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы, Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова әйел-кәсіпкерлердің аймақтағы қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде маңызды орын алатынын атап өтті. Қазіргі таңда Жетісу жерінде 56 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерін әйелдер басқарады. Бұл облыстағы кәсіпкерлердің 42%-дан астамын құрайды.
«Бүгінде әйелдер қауымының қоғам мен мемлекеттегі барлық салаларындағы белсенділігі арту үстінде. Бұл бағытта әйелдерді бизнес-ортаға тарту - кеңестің басты міндеті болып табылады. Әсіресе, ауылды жерлердегі әйелдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Жыл сайын аудандардың дамуына үлкен көңіл бөлеміз. Онда бизнесті жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс», – деді Римма Салықова.
Биыл Іскер әйелдер кеңесі әйел кәсіпкерлігінің мәселелері мен оларды шешуге бағытталған 50-ден астам оқыту семинарларын, жиындар мен форумдар өткізді. Алакөл мен Сарқан аудандарында тұңғыш рет іскер әйелдер форумы ұйымдастырылып, оған бизнес, саясат, әлеуметтік саладағы 200 белсенді әйел қатысты. Өңірлік кеңес мүшесі, «Ирада Балык» ЖШС директоры Суриям Тұрғанованың жетекшілігімен Панфилов ауданындағы ауылдық округтер бойынша «Мейірім автокеруені» жүріп өтті. Облыста «Рахмет үшін» 10 әлеуметтік дүкендері мен сауда орындарында қайырымдылық сөрелері ашылған.
Іскер әйелдердің бастамасымен «Қорғас» ШЫХО-да жабық форматта халықаралық инвестициялық форумы болды.
Әйелдер жобаларын несиелендіру көлемі де артып келеді. Биыл «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысқан 3766 адамның 1497-і әйелдер. Оның ішінде 143 әйел-кәсіпкердің жобалары құны 372,2 млн теңгеге қаржыландырылған. Жалпы саны 157 жұмыс орны құрылған.
Халық банкі мен «Атамекен» ҚР ҰКП бірлесе жүзеге асырған әйел кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы бойынша Алматы облысында құны 22 млн теңге болатын 3 жоба қаржыландырылды.
Шара барысында әйел кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосқан бірқатар мемлекеттік қызметкерлер, Іскер әйелдер кеңесі филиалдарының басшылары мен мүшелері марапатталды.
Іскер әйелдер кеңесінің шешімімен бизнесті қолайлы жүргізу аймағы болып Текелі қаласы аталды. Марапат қала әкімі Бақтияр Өнербаевқа берілді.
Іскер әйелдер кеңесінің үздік филиалдары болып Текелі мен Қапшағай қалалары, Сарқан, Панфилов пен Алакөл аудандары танылды.
Алғыс хаттармен Өңірлік кеңес мүшесі, «Халық банкі» АҚ филиалының директоры Гүлмира Ахметова, «Сбербанк» АҚ ЕК өңірлік филиалының директоры Меруерт Жасболат, «Беркут» ЖШС директоры Лаззат Ботабекова, «Горячий хлеб» ЖШС директоры Бағлан Маутанова, Жамбыл ауданы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Меруерт Молдашева, Талдықорғандағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Гүлнар Тойлыбаева, Сәуле Қарамулдинова, Арай Ақмолдина, Айгерім Берекешева, Айжан Закирова марапатталды.
Сонымен қатар, облыс кәсіпкерлері арасындағы «COCAD BUSINESS AWARDS 2018» өткен тұңғыш өңірлік сыйлығының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: