«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан-Қырғызстан арасындағы туристік сала дамуының түйткілді мәселелері аталды

2018 жылғы 19 Желтоқсан
4598 просмотров

Алматыда туризм саласында «Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі» жұмыс тобының отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның туристік қызметтері өкілетті органдары, туристік бизнес, сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты.

 Қазіргі таңда Азиялық Даму Банкі «Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі» жобасын жүзеге асыруда. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын қаржыландырудың жалпы сомасы 2 млн АҚШ долларын құрайды.

 Жұмыс тобының отырысында қырғыз әріптестермен бірге Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі бойындағы тау кластері дамуының Мастер-Жоспарының Тұжырымдамасы қаралды және өзара ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді. Тау кластері туристік өңірдің жыл бойы бәсекелестігін дамытуда әлеуеті жоғары.

 «Қырғызстанмен қарым-қатынас туристік топтардың мемлекеттік шекараларын өту мәселесін шешуге тікелей байланысты болып отыр. Үкіметаралық келісім әл күнге дейін шешілмей, қырғыз тарапында қаралымда жатыр. Бұл мәселені бақылауда ұстап тұрмыз. Бізге үкіметаралық келісім маңызды болса, қырғыз тарапына Азиялық даму банкінің Алматы-Ыстықкөл тасжолын салудың экономикалық тиімділігін зерттеуді жүргізгені маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаментінің директоры Қарлығаш Алтаева.

 Жиын шеңберінде тараптар қырғыз әріптестердің Алматыда туристік қызметтерді (әсіресе гид қызметі) заңсыз көрсетуі мәселесін талқылады.

Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі жобасы шеңберінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен гидтердің қызметін дамыту бойынша зерттеуді және оларды дайындауды жүргізу ұсынылды. Бұдан басқа, АБЭД территориясына қарасты орналасқан ұлттық парктер аумағында туризмді дамыту шеңберінде тараптар рекреациялық қызметтің әдіснамасын әзірлеу және функциялық аймақтандыруды анықтау қажет деп атап өтті.

 Қырғыз әріптестер Қордай және Қарасу шекаралық бекеттерде туристер шекарадан өтуі кезінде қызметкерлердің дөрекі әрекет етуіне назар аудартты. Тараптар шекара қызметі мамандарын біліктілікті арттыру бойынша оқыту қажет деген ойға келді.

 «Қазір елді халықаралық нарықтарға шығаруға үлкен қаражат жұмсалып жатқанын атап өткім келеді. Туристік қызмет көрсетуде қазір тәртіп орната алмайтын болсақ, онда турист елімізге келген уақытта жаман әсерде қалады да Қазақстан туралы теріс пікірді әлеуетті туристер арасында тарататын болады, демек, жұмсалған қаражат зая кетеді», – деп ойын білдірді Қарлығаш Алтаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер