«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зырянов ауданының әкімдігі кәсіпкерлерге 281,5 млн теңге қарыз

2018 жылғы 12 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
5277 просмотров

Көктемгі су тасқынынан болған зардапты жою жұмысымен айналысқан кәсіпкерлер атқарылған жұмыс үшін ақыны әлі алмаған.

«Колор» ЖШС директоры Темірлан Сағадиев төтенше жағдай орын алған кезде күн-түнге қарамай жұмыс істеуге тура келді дейді. Бәрінде бір ой болды – су тасқыны салдарын тезірек реттеу. Алайда қазір тағы да маңдай термен тапқан ақшаны алуға «күш салу» керек, дейді кәсіпкер.

 Өз құқығын қорғау мақсатында «Колор» ЖШС, «Зырян-Сапа» ЖШС өкілдері ШҚО Кәсіпкерлер палатасына көмегіне жүгінді.

 Белгілі болғандай, кәсіпкерлер мен Зырянов ауданы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, тасжолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ арасында сәуір айында «табиғи апаттардың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарды орындауға мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттар» жасалды. Барлық жұмыстар уақытында орындалды, ал төлемі жасалған жоқ.

 «Зырянов қаласында қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізген басқа компаниялардың бәріне ақша төленген. Жылдың соңы болып қалды, ал төлем жасалмады. Кәсіпорнымыз қаржылық дағдарысқа ұшырап отыр. Біз тіпті техникамызға жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз», – деді «Колор» ЖШС директоры.

  Осы ретте әкімдіктің хабарлауынша төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында төтенше жағдайлар бойынша комиссия шешімімен «Полюс» ЖШС, «Зырян-Сапа» ЖШС, «Колор» ЖШС, «Сәулет» ЖШС, «Нарын-Сервис» ЖШС кәсіпорындары тартылған болатын. Бұл кәсіпорындарда қажетті техника мен еңбек ресурстары бар. Бірақ, аудан мұндай шығындарды көтере алмайды деген әңгіме бар.

 «Тексеріс нәтижесі бойынша сметалық құжаттама құрылып, құп-тас төгу, бөгеттерді жөндау, тасжолды жөндеуге жалпы сомасы 281,5 млн теңге көлемінде бюджеттік өтінімдер жасалды. Ал Зырянов ауданының бюджеті айтарлықтай төмен, сондықтан су тасқынынан орын алған шығындарды реттеу бойынша келісімшарттардың төлемдері жасалмай жатыр», – деді Зырянов ауданы әкімінің орынбасары.

 Шенеуніктің айтуынша, әзірге республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінімдер қолдау таппай отыр.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өкілдері Зырянов ауданында мұндай жағдай бірінші емес екенін алға тартуда.   

 «Төтенше жағдайлардан кейін реттеу жұмыстары үшін төлем жасамау жүйелі мәселеге айнала бастады. Келешекте мұндай жағдайларды доғару мақсатында нақты шараларды қолдану керек», – деді ӨКП директорының орынбасары Динара Мұхамеджанова.

 Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарасы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың аудандық бөліміне қарызды өтеу үшін 20 желтоқсанға дейін мерзім берілді. Қарыз өтелмеген жағдайда ШҚО кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің ШҚО бойынша департаментіне мемлекеттік құрылымға тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту бойынша шағымданбақ.

 Айта кетелік, 2018 жылы көктемдік су тасқыны кезінде Зырянов ауданындағы 10-нан астам елді мекен зардап шеккен болатын. Қазір бөгетке құм-тас төккен, бөгеттер мен автожолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізген бірнеше компания атқарылған жұмыстары үшін төлем алмағандары анықталып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер