«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шетелдік сарапшыдан кеңес

2018 жылғы 07 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
4075 просмотров

Маңғыстау облысына Германиядан келген сарапшы Ганса-Йохен Майер ауылшаруашылығы саласын дамыту тәжірибесімен бөлісті.

Мұнайлы өңірдің Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған аудандарын аралап шыққан сарапшы облыста тұщы су тапшылығы байқалды дейді. Мұннан бөлек, ауылшаруашылығына қажетті озық техникалар жоқ, шаруалардың білімін дамыту қажет деген пікірде. 

Ганса-Йохен Майер, сарапшы:

«Маңғыстаудың жер аумағы өте үлкен екен. Ал, игерілген жер тым аз. Жергілікті шаруаларға мал азығын өздері дайындап алуды үйрену қажет.  Өйткені үй жануарларын көрдім күйсіз, аш жүр. Қорегі шамалы екенін бірден байқауға болады. Құнарсыз жем-шөппен азықтанып жүр деп айта аламын. Маңғыстаулық агрономдарға осындағы табиғи жағдайға бейім, климат талғамайтын шөптерді өсіретін жобалар аса қажет. Сонда жем-шөпті сырттан тасымалдамай, малды қуатты азықпен қамтушы еді».

Ол Қазақстан мен Германия Федеративті Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық аясында келді. «Агророст» қауымдастығының мұрындық болуымен жеткен шетелдік сарапшы ауылшаруашылығы мамандарының біліктілігін көтеруге сеп болмақ.

«Атамекен» өңірлік палатасы басшыларымен кеңесе отырып, өңірлік кеңес мүшелерінің қолдауымен шетелдік сарапшыны облысқа шақырттық. Ол климаттық жағдайы бізге ұқсастау Ресейдің Астрахань, Волгоград, Қалмақ республикасында өз тәжірибесімен бөліскен маман. Түмен шаруаларын мал азығын дайындауға үйреткен. Қазір онда жем-шөп импорты тоқтады. Осы жетістігі үшін Майер мырзаны РФ Сыртқы істер министрлігі Алғыс хатпен ризашылығын да білдірген. Әлемнің көптеген елдеріне кәсіби білігімен көмектескенін білеміз. Сондықтан да Маңғыстаудың да біраз жерін аралатып шықтым. Жер асты сулары бар аймақты көрсеттім. Сарапшының айтуынша, біз жерасты суларын дұрыс, өз деңгейінде пайдалана алмай келеміз. Маңғыстауда жем-шөп дайындауға толық мүмкіндік бар. 2014 жылы жаппай мал қырылғанын ұмытқам жоқ. Сондықтан да мал азығын көршілес облыстардан тасымалдамай, импортталған азықты тұтынбай, өз шаруаларымызды оқып-үйретуге жұмыстанып жатырмыз, – дейді «Агророст» қауымдастығының жетекшісі Нұрсәуле Жайынбаева.

Ганса-Йохен Майер қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан сарапшы SES қорының сарапшысы. Облыста көріп-білгені, түйгені туралы есеп жазуда. Сараптамалық жұмыс неміс өкіметі мен облыс басшылығына тапсырылатын болады.

SES – неміс экономикасының жетістігімен халықаралық ынтымақтастық аясында бөлісуге ықпал ететін коммерциялық емес қор. Әлемнің 162 елінде жұмыс істейтін ұйым. Оның сарапшылары шағын және орта бизнес дамытушыларға, қоғамдық және муниципалды ұйымдарға, білім саласы мен халықаралық ұймдарға қолдау көрсетіп жүр. Жобалардың дені Германия бюджеті есебінен жүзеге асады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер