«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шиеліде Кәсіпкерлер палатасының алаңында 30 жер телімі аукционға шығарылды

2018 жылғы 06 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
5073 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы ғимаратында кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін аукцион арқылы алу шарасы өткізілді.

Аукционға аудандық жер қатынастары бөлімі жалпы көлемі 2372 гектарды құрайтын 30 жер телімін ұсынды. Олардың 15-і шаруа қожалығын жүргізу үшін, 14-і ғимаратқа қызмет көрсету үшін, 1-еуі өндірістік мақсатқа арналған жер телімдері.

Жер телімдерінің жалпы бағалық құны 3 млн 947 мың теңгеге бағаланса, бастапқы сатылу бағасы 4 млн 342 мың теңге болып көрсетілген болатын. Өткізілген аукцион нәтижесімен аталмыш жерлер 4 млн.737 мың теңгеге сатылды.

Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін Палата алаңында өткізу бастамасын Кәсіпкерлер палатасының көтеруімен осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласы әкімдігі қолдаған болатын. Содан бері жер телімдерін аукцион арқылы беру шарасы Қызылордада нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

Нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша 53 жер телімі жеке меншік құқығымен, 89 жер телімі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен сатылып, мемлекеттік бюджетке 101 млн 51 мың теңге қаражат түсті.

2018 жылдың І жартыжылдығында өткізілген 5 аукцион бойынша барлығы 300 өтініш қабылданып, 103 жер телімі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен, ал 13 жер телімі жеке меншікке сатылды. Қорытындысымен қазынаға 41 млн. 46 мың теңге қаржы түсті.

Енді міне аудандардың арасында алғашқы болып Шиелі ауданы аукциондарды Палата алаңында өткізуді бастады. Бұл туралы Палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қожахмет Ілиясов: «Бүгін алғаш рет Шиелі ауданында кәсіпкерлік үшін жер телімдеріне арналған аукцион Шиелі аудандық филиалының алаңында өтуде. Бұл аудан кәсіпкерлігін дамытуда жасалып отқан оң бастама. Жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуда жергілікті деңгейде шешуді қажет ететін бірден-бір түйткілді мәселе – жер телімдеріне келіп тіреледі. Аукционның кәсіпкерлердің қара шаңырағы - Палата алаңында өткізілуі – ашықтықты, жер бойынша орын алып жүрген бірқатар мәселелердің оң шешіліп, қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, қолдаған Шиелі ауданы әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», - деді.

Бүгінгі аукционда бірнеше жылдан бері жайылымдық мақсатта жер ала алмай, осыған дейін Палатаға өтінішпен келген аудан кәсіпкері Ғафур Байдеу өзінің шаруа қожалығы үшін 300 гектар жер телімін ұтып алып, бизнеске жасалып жатқан қолдау үшін Кәсіпкерлер палатасына алғысын білдірді.

Шиелі ауданы әкімдігі Палатаның ұсынысымен Қызылорда қаласында қолданысқа еніп, сәтті жүргізіліп келе жатқан жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту барысындағы кадастрлық төлемді бөліп төлеу тәжірибесін өздерінде енгізуді бастап кетті.

Айта кету керек, Қызылорда қаласы кадастрлық құнды бөліп төлетуге келіскен, республика көлеміндегі әзірге жалғыз мемлекеттік орган.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер