100-ден астам талдықорғандық кәсіпкерлікті ашу бойынша кеңес алды
Өңірлік палата «Табысқа жетудің 7 қадамы» атты түсіндіру акциясын өткізді
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесе «Табысқа жетудің 7 қадамы» атты түсіндіру акциясы Талдықорған қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өтті. Шараның басты мақсаты - кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын кең көлемде түсіндіру мен жастарды бизнес-жобаларды іске асыруға тарту.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Сәния Наурызбаеваның сөзінше, акцияның «Табысқа жетудің 7 қадамы» аталуы кездейсоқ емес. 7 қадам деген жаңадан бастаған кәсіпкерлермен қатар, тәжірибелі кәсіпкерлер үшін де қажетті және пайдалы 7 қызмет түрі болып табылады.
«Бірінші қадам - бұл «Кәсіпкердің жеке кабинеті» жобасы. Жоба аясында бизнеске арналған ең маңызды қызмет түрлері тегін түрде ұсынылады. cabinet.atameken.kz сайтына тіркелген соң, кез келген кәсіпкерге тиісті ақпарат пен қызмет түріне тұрақты түрде қолдану мүмкін болады. Қолжетімді қызмет түрлері тізімінде 100 тегін құжаттар үлгісі бар «Құжаттар конструкторы», кәсіпкерлер ұсынысы жарияланатын «Кәсіпкерлік бастамалар», серіктесті түрлі көрсеткіш бойынша тексеруге мүмкіндік беретін «Адалдықты тексеру» және т.б. қызметтер бар», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Сәния Наурызбаева.
Содан кейін «Digital КҚКО» (КҚКО - Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы) қосымшасын пайдалану арқылы кәсіпкерге 61 түрлі қызмет тегін көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, бизнес-жоспар мен сайт әзірлеуге өтініш беруге мүмкіндік бар. Басты ерекшелік - қызметтердің барлығын онлайн режимде алуға болады.
«Табысқа жетудің 7 қадамы» тізімінің ішінде болашақ кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есебі, құқықтық мәселелер, маркетинг мәселелесі бойынша кеңестер, «Даму» қорының желісі бойынша кәсіпкерлікті дамыту кеңестері ұсынылды.
Осы және өзге де қызметтер мен қолдау құралдары жас кәсіпкерлер, студенттер мен жұмыссыз жастарға Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджер-кеңесшілері тарапынан кеңінен түсіндірілді.
Шара барысында жастар қызықтырған сауалдарына жауап алып қана қоймай, кәсіп бастаудың алғышарттары мен бизнестегі лайықты саланы анықтай алды. Сонымен бірге, шараның қорытындысы ретінде арнайы бизнес-тренинг ұйымдастырылды.
«Бүгінгі таңда жастар бизнестің түрлі бағыты бойынша тегін кеңестерді және жобаларын сүйемелдеу бойынша көмекті Кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгініп, ала алады. Кәсіпкерлік негіздерін үйрену мақсатында болашақ кәсіпкерлер «Бастау», «Бизнес Кеңесші», «Жас кәсіпкер мектебі» сияқты жобаларға қатысып, білімін шыңдай алады. Сонан соң жобаларын қаржыландыру үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша төмен мөлшерлмедегі несиелендіруге алуға мүмкіндік бар», деді Талдықорған қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджер-кеңесшісі Меруерт Бакибаева.
Кәсіпкерлер палатасының ақпаратынша, жыл басынан бері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығықтарында 4 202 азаматқа 4 967 сервистік қызмет көрсетілді, оның 465-і (11%) 29 жасқа дейінгі кәсіпкер болып табылады. Сонымен бірге осы жылдың 11 айында 15 686 кәсіпкерге 19 121 кеңес берілді. Соның ішінде 3102 адам (20%) - 29 жасқа дейінгі жастар.
26 жастағы Асқар Дәуренов акция барысында бизнес негіздері бойынша оқуға жазылып, заңгер мен маркетологтың кеңесін алды. Қазіргі таңда ол жеке компанияда қызмет атқарып келеді. Мақсаты - өз кәсібін ашу.
«Барлық кеңесшілерді аралап, олардың кеңесі мен ақпаратын алдым. Қуантарлық жайт, көрсетілген барлық қызметті онлайн режимде де алуға болады. Шарадан кейін бизнес саласы және болашақ жобамды іске асыру бойынша түсінігім пайда болды», - деді ол.
Жалпы «Табысқа жетудің 7 қадамы» шарасына 120-дан астам жастар өкілі қатысты.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңіріміздегі 9 мыңнан астам (9 795) кәсіпкерлік субъектісін 29 жасқа дейінгі жастар басқарады. Бұл Алматы облысында тіркелген бизнес субъектілердің 8 %-ын құрайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: