Ұлттық қолөнер арқылы Ұлы дала елінің мәдени мұрасы әлемге танылады -Ләззат Рамазанова
«Атамекен» қолөнер салсын кешенді түрде зерттеп, микро-бизнестің бағыты ретінде дамытуды ұсынады
Астанада «Ұлы дала елі» қолөнер шеберлерінің «Микро-бизнес. Дәстүр. Мүмкіндіктер» атты туристік форумы өтті. Оған қазақстандық, шетелдік қолөнер шеберлері қатысты.
«Бүгінгі күні қолөнер қызмет түрі ретінде ұлттық мәдени бірегейліктің ажырамас символы және туристік индустрияның құрамдас бөлігіне айналып келеді. Ұлттық қолөнер – микро-бизнес түрі ғана емес сол арқылы Ұлы даланың мәдени мұрасын насихаттау деген сөз».
Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының басшысы, Іскер әйелдер Кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова форум қонақтары мен қатысушыларға ыстық ықыласын білдіре отырып айтты.
«Форум өткізу идеясы қолөнер шеберлері сегментін бір арнаға жұмылдырудан туындағаны жасырыны емес. Біз бай мәдениетіміз бен шежіресі қатпарлы тарихымызды осы қолөнер шеберлерінің туындылары арқылы да насихаттай аламыз. Бүгінгі күні біз бұл саланың дамып келе жатқанын байқап отырмыз», деді Л.Рамазанова.
Қолөнерді бизнестің бір тармағы ретінде дамыту маңызды. Осы тұрғыда Л.Рамазанова қолөнер саласына ғылыми негізде кешенді зерттеулер жүргізу керектігін айтып өтті.
Қатысушылардың сұранысы мен қызығушылығының артып отырғанын ескере отырып Ләззат Рамазанова форумды жыл сайын өткізуді, оның жұмысына тек отандық қана емес шетелдік шеберлердің қатысуына мүмкіндік туғызу керектігін айтты.
«Біз Қазақстанның, Орталық Азияның қолөнер шеберлерінің өз алаңы, арнайы өз күні болса дейміз. Осы бағытта форумның тең ұйымдастырушысы Азия Даму банкімен бірлесіп тығыз жұмыстар жүргізуге дайынбыз. Біз бұл іс шараны жыл сайын өткізудің маңызын түсініп отырмыз. «Қазақстанның үздік тауары» және «Алтын сапа» байқауларында еліміздің қолөнер шеберлері де жаңа деңгейге көтеріліп, әлемге танылуын қалаймыз», деді Ләззат Рамазанова.
Азия Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің Директоры Джованни Капаннелли бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді.
«Бүгінгі көрмеге қойылған дүниелер шындығында көркем әрі қайталанбастығымен санада сақталады. Келесі жылы біздің банк 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Біз бұл мерекені Қазақстандағы микро бизнесті қолдау тұрғысында атап өткіміз келеді. Бұл іс-шара халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түсетіні сөзсіз»,-деді Каппаннелли
Шынтуайтына келгенде мұндай іс-шаралар ұлттық қолөнердің дамуына серпін береді. Жиынға қатысушы елдердің іскер топтарының сындарлы өзара іс-қимылы осы саладағы ынтымақтастыққа қолайлы мүмкіндіктер туғызатыны анық. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Рәшид Күзембаев айтты.
«Қолөнердің дамуы бұл ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалалар тұрғындарын жұмыспен қамту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жасұрпақты қолөнерге баулу. Қазақстан Заңнамасында қолөнер материалдық емес құндылықтар ретінде қорғалған. Алайда қолөнерді шағын кәсіпкерлік түрі деп қарау керек. Бұл мәселеде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының беделі мен мол тәжірибесіне сүйенген жөн. «Атамекеннің» бастамашылығына сенімдімін»,-деді Рәшид Күзембаев.
Форум аясында қолөнер шеберлері көрмесі, В2В кездесулері, шеберлік сабақтары өтті.
Халықаралық спикерлер ретінде форумға халық шеберлері, бірлестік өкілдері, «Хунарманд» қолөнершілер және кескіндемешілер қауымдастығы (Өзбекстан Республикасы), «Tumar» арт-тобы (Қырғыз Республикасы), немісше сөйлейтін киіз шеберлері қауымдастығы (Германия), International Folk Art Market (Santa Fe, АҚШ), ҚХР шеберлері және т. б. қатысты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: