Кәсіпкер мен әкімдік арасындағы дау «Атамекеннің» араласуымен шешілді
Маңғыстау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасына «Қазақ соқырлар қоғамының Ақтау оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС басшысы Боранбай Тілепов көмек сұрап келді. Оның айтуынша, Сенек селосы әкімі аппаратының іс-әрекеттерінде мемлекеттік сатып алуда заңсыздыққа жол беріліп отыр.
Зерттеулер көрсеткендей, Сенек ауылы әкімдігі мен соқырлар қоғамы арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Онда тапсырыс алушы Қарақия ауданындағы бір ғимаратты жөндеу және абаттандыру жұмыстарына кіріседі. Орындау мерзімі – 45 күн.
Тапсырыс беруші әкімдік өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілген, бірақ 20 күнге кешіктіріліп, атқарылған жұмыстар туралы акт ең соңында тапсырылып отыр.
«Техникалық сипаттамаларда көрсетілген жұмыстардан басқа, шартта қамтылмаған қосымша тапсырмаларды өз есебімізден жүзеге асырдық. Мердігер келісіміне қол қойылғаннан кейін жұмыс барысында жобалау-сметалық құжаттамада қамтылмаған жол жиектерінің тасын төсеу ісі қосылған. Онсыз жол салу мүмкін емес, әрі жиектердің сапасы үшін маңызды екені анықталды. Мұннан өзге тапсырыс беруші жергілікті бағалаулар бойынша төсемтас төсеу үшін жол жағалауы көлемі 80 текше метр деп белгілеген. Іс жүзінде 150 текше метр жер жөнделген. Аталған жағдайлар туралы Сенек ауылы әкімге уақытылы хабарланды», – дейді кәсіпкер Боранбай Тілепов.
Бүгінде қазақ соқырлар қоғамының Ақтау оқу-өндірістік кәсіпорны мемлекеттік сатып алу келісім-шартындағы жөндеу және абаттандыру бойынша барлық жұмыстар толықтай атқарылған. Алайда, ауыл әкімі өзге де қосымша жұмыстарды орындауды талап етіп, тиісті құжаттарға қол қоймаған. Кәсіпкер ел игілігі үшін қосымша тапсырманы орындауға қарсы емес. Тек оған да қаржы шығындары талап етілетіндіктен осыған дейін орындалған жұмыстар бойынша толық есеп айырысуын сұрайды.
Сонымен қатар Сенек әкімі кәсіпкерді орындау мерзімін бұзды деп мемлекеттік тапсырыстарды орындауға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап-арызбен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа жүгінген. Сондай-ақ, талапкер сот процесі басталмай тұрып, талап қою кезеңін сақтамаған.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен филиалында осы мәселе бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған филиал директоры Қилымғали Көшенов, Сенек ауылының әкімі Бауыржан Еркеғұлов, сарапшы Қожаберген Салихов, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Шымбай Сұлтанов, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев, Жаңаөзен прокурорының орынбасары Әнуар Борашев қатысты.
«Шара соңында тараптар ауыл әкімі аяқталған жұмыстардың актісін беруге, жұмыс құнын толық төлеуге әрі сотқа жолданған арызды қайтарып алуға тиіс деп келісілді», – дейді кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.
Осылайша, тараптар арасында туындаған мәселе бейбіт жолмен шешілді. Қазақ соқырлар қоғамының Ақтау оқу-өндірістік кәсіпорнының талабы толығымен қанағаттандырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: