«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нәзік жандылардың іскер қадамы: Маңғыстауда әйелдер бизнесін қолдау аясы кең

2018 жылғы 01 Қараша
- Маңғыстау облысы
7471 просмотров

Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесі кәсіпкерлікті қолдаумен қатар тәлім беріп, бизнес жүргізудің нақты қадамдарына оқытып қана қоймай, әр кездесуде табыс кілтінің қыр-сырымен де бөлісуде. 

Осындай құндылықтар ұштасқан кездесудің бірі Мұнайлы ауданында ұйымдастырылды. Өңірде іскерлігімен танылған Ұлдай Тілеумағамбетова, Шолпан Түсіпбекова бизнестегі тәжірибесімен бөлісіп, көптің көкейінде жүрген біраз сауалға жауап берді. 

«Мұндай кездесудің пайдасы зор. Ауыл-аймақтарға қандай  қолдау шаралары бар, шарт талаптары қолайлы несиені қалай алуға болады? Бизнесті бастарда қандай қателіктерге жол бермеу керек және қажетті көмекті кімдер ұсына алады?   Міне, бір қарағанда қарапайым, бірақ маңызды сауалдарға осындай кездесуде жауап табасың. Бұл қажет ақпарат, әсіресе ауыл-аймаққа өте маңызды. Осы бағытта Іскер әйелдер кеңесі мен Өңірлік палатаның жұмысы қарқынды, қол ұшын беріп, қажет кезде кеңесін беруде. Мұндай кездесулер көп жағдайда жеке кәсіп ашуда үлкен бағыт-бағдар болуда»,  деп ойымен бөлісті  Шолпан Түсіпбекова.

 Кездесуге қатысқан аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев  Іскер әйелдер кеңесі  бүгінде кәсібін ашамын деушілерге жол ашатын, бизнесін ілгерлетемін деушілерге қолдау көрсететін нақты істің бағытын білетін, аяғына нық тұрған қоғамдық ұйым деп бағалады. Кәсіпті дөңгелетуге дайын кез-келген бастамаға әкімдіктен қолдау болатынын атап өтті. 

Іскер әйелдер кеңесінің  Түпқараған ауданында өткен кездесуде аудан әкімі Айдос Хамиев Кеңестің бастамасымен қолға алынған жобалар мен оның нәтижелері көңілден шыққанын жасырмады. Өз тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне көмектесуге уәде етіп, сұрақтарға жауабын да берді. 

«Іскер әйелдер кеңесі қолға алған шаруа халыққа көмек көрсетіп, бизнесті қолдаумен шектелмейді.  Кеңес өз жұмысында әлеуметтік көрсеткіштердің жоғарылауына септігін тигізуде. Егер әйелдер кәсіпкерлігі дамыса, ол бюджет түсімін арттырады, ауылда сервис деңгейі жоғарылап, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осыдан бір-екі жыл бұрынғы көрсеткіштермен бүгінгі жағдайды салыстырып көрсек, нәтиже айтарлықтай. Түпқараған кәсіпкерлерінің қатарын бүгінде шағын бизнесті игерген жас қыз-келіншектер толықтырған»,  деді Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Халелқызы. 

Облыстық кеңес пен  4 аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қатысуымен Бейнеу ауданында өткен Іскер әйелдер форумы аясында жергілікті жүзеге асқан жобалардың жетістігі таныстырылды. Форум қатысушылары ауданда бизнес ханымдардың бастамасымен ашылған қонақүй, дәмхана, тұшпара дайындау цехының жұмысымен танысты. 

Бұдан басқа Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесі кәсіпкерлермен кездесу үшін Қарақия ауданына да барды. Ауданда 35 мың адам тұрады. Әйелдер кәсіпкерлікке құлшынады, дегенмен шешімін таппаған көптеген мәселелер де бар. Қиындықтар ауылдықтар үшін арнайы жасақталған кейбір бағдарламалар туралы тұрғындардың білімі мен хабары болмауына байланысты туындаған.

 «Кез-келген ауданда бізді өте жылы қарсы алуда. Залға кірген кезде ауыл әйелдерінің өз бизнесін дамытуға деген қызығушылығын сезіндім. Әрбір сөзді, кәсіп туралы кеңесті ынтамен тыңдап, жаңа ақпаратты алу үшін мұқият назар аударуы бұл кездесудің ерекше екенін көрсетті. Ауылдық әйелдеріне көптеген бизнес-идеяларды ұсындық, назар аудару қажет болған көп әдістерді үйреттік», дейді өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сауле Салихова.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер