«Еуразия апталығы». Отандық компаниялар немен ерекшеленді?
24 қазан күні Ераванда Еуразиялық Экономикалық Одақ ұйымдастырған «Еуразия апталығы» ІІІ халықаралық форумы аяқталды. Форумға мүше мемлекеттерден 2000-ға жуық қатысушы және 21 елден келген қонақтар қатысты.
Форум аясында алғаш рет Одақ өндірушілерінің көрмесі өткізілді, оған «Alageum Electric», «Hyundai Com trans Kazakhstan» ЖШС, «Ютария» компаниялар тобы және «RecyclingCompany» ЖШС сынды отандық компаниялар қатысты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлерді аталған көрмеде Қазақстанды таныстырып барғандары үшін алғыс білдіреді. Форум ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Бірінші вице-премьерлер қатысуымен өткен ЕАЭО-ның кезекті отырысының алаңына айналды.
Форум жұмысы сыртқы экономикалық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде кедергілер мен шектеулерді жою бойынша нақты бизнес-міндеттерді шешуге және Одақ шеңберінде құқықтық қатынастарды дәйекті ырықтандыруға бағытталды, сонымен қатар сессиялар ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар супермаркеттің сөресіне қалай түсуге болады және экспорттаушыға арналған дұрыс нарықты қалай таңдау керек деген сауалдарға жауап тапты, сондай-ақ, «Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша қоғамдық қабылдау бөлімінің көшпелі жиыны» практикумынан өтті.
Форумның негізгі бөлігінде «Еуразиялық цифрлық платформалар» инновациялық жобалар байқуының финалы өткізілді, оған қазақстандық кәсіпкерлер қатысты. Финалда 5 мемлекеттен 20 компания төрт аталым бойынша байқауға түсті.
Жас әзірлеушілер, командалар, стартаптарға арналған «ЕАЭО-ның цифрлық болашағы» аталамында Apilog.kz атты қазақстандық компания жеңіске жетті. Бұл компания зияткерлік бағдарлау мен жөнелтпе қағаздарды бақылау функцияларымен көлік логистикасы, жүк тасымалы, трансшекаралық сауданы цифрландыруға арналған жинақ сервисін құрған.
«ЕАЭО-ның үздік цифрлық жобалары» аталымына Smart Satu жобасы қатысты. Аталған жоба өндірушілерді, дистрибьюторларды, сауда нүктелерін (тапсырыстар, төлемдер, логистика) біріктіріп, олардың шығындарын оңтайландыруға арналған мемлекетаралық b2b-платформа.
Ал «ЕАЭО цифрлық күн тәртібін жүзеге асыруға арналған үздік технологиялық шешімдер» аталымы бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері, вендерлер, интеграторларға арналған. Қазақстандық жоба әзірлеушілер мемлекеттік сатып алуларда тәуекелдерді анықтауға арналған бағдарламалық жасақтаманы ұсынды. Бұл машина алгоритмдерін және үлкен деректерді талдауды қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау, өңдеу және төлеу кезінде экономикалық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау арналған талдамалық жүйесі.
«ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі тақырыбында балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік ойын» аталымы нағыз жастардың аталымы атанды. Бұл аталымда «Маша және Аю» мультфильмнің кейіпкерлерімен ойын таныстырылды, балалар сүйікті кейіпкерлермен интерактивті қарым-қатынас орнатып, ас мәзірлерін дайындауға үйренеді.
Форум аясында ЕАЭО экономикасының нақты секторы: интеграция жағдайында әлеуетті өсіру» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Аталған іс-шараның қатысушылары іскерлік ахуалды қолайлы дамыту факторлары, экспортты өсіру мүмкіндіктері, әкімшілік кедергілерді жою қағидалары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыру және цифрлық шешімдер енгізуді талқылады. Жалпы форум бағдарламасы ЕАЭО аясында интеграциялық жұмыстың негізгі бағыттарын қамтыды, оның ішінде:
-өнеркәсіп саласындағы өңіраралық ынтымақтастық үдерістері;
-ЕАЭО мүше мемлекеттердің кооперациялық қарым-қатынасы;
-ауыл шаруашылығы;
-тауарларды бақылау;
-теъхникалық регламенттер;
-Одақ территориясындағы бәсеке;
-криптовалюта келешегі;
-цифрлық экономика анықтауыштары;
-бірыңғай стандарттарды әзірлеу мен заңнаманы үйлестіру және т.б.
Жоғары деңгейдегі жетекшілерге жабық форматта Еуразиялық одақтың цифрлық трансформациясын есепке ала отырып, ЕАЭО дамуы парадигмасының презентациясы таныстырылды. Кеңес отырысының күн тәртібіне 30-дан астам мәселе көтерілді, оның ішінде тарифтік жеңілдіктерді қолдану, ЕАЭО цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру, гербицидтерге қатысты демпингке қарсы шараларды қолдану мәселелері негізгі тақырыптар болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: