«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Текеліде сирек мамандықты оқытуды қолға алған

2018 жылғы 22 Қазан
- Жетісу облысы
4505 просмотров

Текелі қаласында орналасқан Орталық Азия университетінде микрокальцит шығаратын кәсіпорындар үшін жұмысшы мамандар оқытатын курс аяқталды. «Уатып тартатын және сұрыптағыш машиналар операторы» мамандығы бойынша қысқамерзімді оқыту 2015 жылы жергілікті жер қойнауын пайдаланушылардың ұсынысынан кейін Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалының қолдауымен ашылған.

 Бұл бағыттағы мамандарды ешбір жоғары немесе орта политехникалық оқу орнында оқытпайды. Мамандардың тапшылығы Текеліде алты бірдей мәрмәр  кен орны және 10 өңдеуші кәсіпорынның бар болуымен байланысты. Кәсіпорындарда құрғақ құрылыс қоспаларының негізгі толтырғышы болып табылатын микрокальцитті өндіреді.

 «Текелі өңірі елімізде шығарылатын микрокальциттің 60%-нан астамын шығарады. Жыл сайын мамандар қажеттілігі 10-15 адамды құрайды. Сондықтан үш жыл бұрын Орталық Азия университетінде дуальді оқыту жүйесі аясында арнайы курс аштық. Қатысушылар үшін 30% теориялық сабақтар өткізілсе, сабақтың қалған 70% кәсіпорындарда өткізеді. Басты нәтижесі - оқып шыққан азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылады», - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов.

 Курстың ұзақтығы 192 сағат, оған көбінше колледж түлектері мен өзін-өзі қамтыған азаматтар қатысып келеді. Теориялық сабақтарды өңдеуші кәсіпорындарда 10 жылдан астам тәжірибесі бар Тұрысбек Жұмаділов жүргізсе, тәжірибелік сабақтарды кәсіпорындардағы жетекші мамандар мен шеберлер өткізеді.

 2015 жылдан бері «Уатып тартатын және сұрыптағыш машиналар операторы» мамандығы бойынша қысқамерзімді оқытуды 65 адам тәмамдаған, соның ішінде биыл оқуды 13 адам аяқтаған. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер