«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алға ауданының тұрғыны мұғалімдікті тастап, құрық ұстап, жылқы бақпақ

2018 жылғы 19 Қазан
- Ақтөбе облысы
1576 просмотров

Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғыны Әлібек Сәрсенбаев ұстаздық қызметін жылқышылыққа алмастырмақшы. Мұнда тұрған өрескел ештеңе жоқ, дейді ол, мемлекеттік қызметтің мүмкіндігі шектеулі, ал ата-бабымыздан келе жатқан берекелі кәсіптің пайдасы мол болуы тиіс.

«Жылқыны өсірудің тиімді тұстары көп. Көбіне далада жайылатын болғандықтан, күтімді аз қажет етеді. Одан алынатын өнім де қымбат, қазақ жылқының етін жемей тұрмайды. Әкем де, ағайындарым да атбегі болғандықтан, маған жылқы бағу қиын болмайды деп ойлаймын», – дейді Әлібек Сәрсенбаев. Ол осы идеясын жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылдық 6 пайызбен 2 млн теңге несие алмақ.

Осы ауданның тұрғыны Гүлшара Мұқашева ауласындағы шағын бақшаны күтіп, баптап, жыл сайын мол өнім алады екен. Бағбандық – оның сүйікті ісі. Ендігі жерде ол осы өнерін дамытып, жылыжай салып, қияр, қызанақ секілді көкөністерді көп қылып өсіруді қолға алмақшы. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін оған 3 298 млн  теңге көлемінде қаржы керек.

Олар – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Бастау» кәсіпкерлікке оқыту курстарының Алға ауданының түлектері. Бүгін олар өз жобаларын облыстық комиссия алдында қорғап шықты. Комиссия құрамына кіретін Ауылшаруашылығын қолдау қорының мамандары оларға бұл идеяларының шығыны мен табысын есептеп, керек-жарақтарды қайдан, қалай алатыны жөнінде сұрақтар қойды, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары болса, жобаның өміршеңдігіне баса назар аударатынын жеткізді. Сондай-ақ, сарапшылар аймақтағы жылқы шаруашылығының да, жылыжайдың дамуы кенжелеп тұрғандықтан, мұндай идеялардың жүзеге асырылуына барынша қолдау білдіру керек деген шешімге келді. Ол үшін тиімді несие қаражатын бөлуден басқа шаруаларға консультациялық кеңеске жүгінулері керек деген ұсыныс берілді. Ол үшін кәсіпкерлердің Палатаның жанында жұмыс істейтін қауымдастықтар мен түрлі кәсіптік білім беру тетіктерін пайдалануларына мүмкіндік бар. Бүгін комиссия мүшелері «Бастау» бағдарламасы бойынша білім алған тағы 82 үміткердің жобасын мақұлдады. Жобаларын қорғауға келген ауылдық кәсіпкерлердің 80 % мал шаруашылығымен айналысуды қалайды.  

Сондай-ақ, «Бастау» жобасына қатысушылардың бизнес-идеяларын жарыққа шығару үшін тағы бір мүмкіндік берілмек. Бүгін Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында аталған бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған азаматтардың бизнес-жобаларын жүзеге асыруға бір реттік грант бөлу жұмыстары басталды. Жобаға, сондай-ақ, КТБ және қысқа мерзімді қайта даярлау курсынан өткен бұрын мемлекеттен қаржылық қолдау шаралары арқылы жеңілдетілген несие алмаған жұмыссыздар мен өзге елден көшіп келген оралман отандастарымыз қатыса алады. Грант жаңа идеяларды жүзеге асырумен қатар бұрын жүргізіліп отырған кәсіп түрін қайта жандандыру мен жетілдіруге қажетті құрал-саймандар алу үшін де беріледі. Төлем бюджеттік қаражат есебінен бөлінеді және оның көлемі 100 АЕК құрайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер