«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хромтау мен Әйтеке би аудандарындағы бизнеске кедергі келтіретін мәселелер анықталды

2018 жылғы 17 Қазан
- Ақтөбе облысы
1770 просмотров

Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелерімен бірігіп,  бизнестің проблемалық мәселелерін анықтау мақсатында Хромтау және Әйтеке би аудандарында болып қайтты. Аудан орталықтарында болған кездесулерде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік алды. Айталық, Хромтау ауданындағы бизнеске кедергі болып отырған негізгі мәселелер ретінде кәсіп ашуға арналған жер телімін алу, аудан кәсіпкерлерінің делдалдарсыз ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істеу мүмкіндіктері, темір жол көлігімен тауар тасымалдау тарифтерінің қымбаттығы, ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік грант, несие беру кезінде қойылатын кепілзат пен кепілгерлердің болуы секілді шарттардың кейбірінің негіздігі аталды.

«Таза, химиялық қоспасыз жасалатын тауарлардың бағасы қымбат болатыны белгілі. Алайда халық арзанға жүгіреді, бірақ сөйтті екен деп шығаратын өніміміздің сапасын төмендете алмаймыз. Жергілікті жерде шығарылатын өнімдерді өткізуде қиындықтар бар», – дейді Мәртөк ауданының шұжық цехының басшысы В.В.Габор.

Сонымен бірге ол жергілікті биліктің түрлі республикалық жарыстарға жиі шақыратыны, алайда ауыл кәсіпкерлерінің оларға баруға қызығушылығы болғанымен, қаржысының бола бермейтінін айтып қынжылды. Нәтижесінде, ауыл өнімі, баяғы жартас бір жартас күйінде, танылмай қала беретінін айтты.

Әйтеке би ауданындағы кездесуге 30-дан аса  кәсіпкер қатысты. Аудандағы бизнес саласында мал шаруашылығы, монополистермен қарым-қатынас, кәсіпорындармен келісім-шарт жасау секілді мәселелер бар екен. Кездесуге келген Палата мамандары осы жағдайларды шешу жолдары туралы кеңес берді.

«Елбасымыздың жақында ғана шыққан жолдауында отандық тауар өндірушілерді, ауыл кәсіпкерлігін қолдау, ең қажетті тауарларды ел ішінде шығару керектігі жөнінде айтып өтті. Ол үшін кәсіпкерліктің дамуына кедергілерді болдырмау –маңызды. Сондай-ақ, шикізатттық емес секторды дамытушы орта және шағын бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету – бірінші кезекте тұру керек. Біз өз тарапымыздан осы мәселелерді жүзеге асыруға барынша атсалысатын боламыз», – деді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңаайым Келбатырова.

Кәсіпкерлермен кездесуге «Кәсіпкерлердің құқын қорғау» ҚБ төрағасы Т.А.Хамитов, Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Елеусізова қатысып, өз салалары бойынша сұрақтарға жауап берді. Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, Ақтөбе қаласындағы «Үміт-эстет» сұлулық салонының басшысы  Үмітжан Жақсылықова мен белгілі аспаз-кондитер  Гүлайым Әбиева ауыл әйелдеріне тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, сертификаттар табыс етті.

«Ауыл әйелдері кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті. Оларға несие беру шарттарын жеңілдету керек, мемлекеттік өолдау шаралары да керек-ақ. Кәсіпті үйрететін адам болса, өзге қалаларға баруға да дайын екенін айтып жатыр. Яғни, бастысы, әйелдерге кәсіп түрін игертуге күш салуымыз керек деп ойлаймын»,-деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Елеусізова.

Аталған іс-шара «Атамекен» ҰКП тікелей тапсырмасымен орындалуда. Осыған ұқсас басқосулар облыстың барлық аудандарында жүргізілмек. Кездесу нәтижесі бойынша аудандардағы бизнеске кедергі келтіретін негізгі проблемалар анықталып, ҚР заңнамаларына сәйкес оларды жою бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстар әзірленбек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер