«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Корпоративтік басқарудың ұлттық жүйесін құру ұсынылды

2018 жылғы 16 Қазан
5179 просмотров

Бұл бастама Парламент Мәжілісі депутаттарының, «Самұрық-Қазына» АҚ, Ұлттық банк, қаржыгерлер қауымдастығы өкілдерінің және барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Мәселенің көтерілуі кездейсоқ емес. Корпоративтік басқару - компанияның халықаралық тәжірибесі, ол басқару органдары, акционерлер және мүдделі тұлғалар арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін білдіреді. Мұндай жүйе бизнестің барлық қатысушыларының мүдделерінің теңгерімін көрсетеді және барынша табысқа бағытталған. Қазақстанда бұл жүйе «Самұрық-Қазына» АҚ-ға енгізілген, алайда көптеген компанияларда (жеке және квазимемлекеттік саланы қоса алғанда) іс жүзінде дамымаған.

«Неге осылай болады? Тәжірибе көрсеткендей, бизнес қарапайым түрде корпоративтік басқарудың барлық артықшылықтарын білмейді. Бұл саладағы отандық мамандардың тиісті біліктілігі жоқ. Сондай - ақ мемлекеттік органдар жүйені енгізуге ықпал ету және процесті үйлестіруге мүдделі емес», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Осының бәрі Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі бірнеше көрсеткіштер бойынша Қазақстанның ұстанымдарының нашарлауына ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, «Корпоративтік этика» және «Менеджерлердің кәсіпқойлығы» (8 және 9 тармақ) сияқты көрсеткіштер бойынша позициялар төмендеп кеткен.

Жағдайды түзету мақсатында Ұлттық Палата Үкіметке жүйелі және кешенді тәсілді әзірлеп, ұсынды.

«Біз мемлекеттік және жеке секторда корпоративтік басқаруды дамытудың бірыңғай институционалдық негізін құруды, корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі ұлттық кеңес құруды, елімізде қолданылатын базалық, ұлттық стандарттарды бекітуді ұсынамыз. Мұндай тәсілдер халықаралық тәжірибеде өзін жақсы көрсетті», - деп мәлімдеді Рустам Жүрсінов.

Отырысқа қатысушылар ұлттық кеңестің құрамы, оның ережесі бойынша мәселелерді қарады. Қазақстанда қабылдауға қажетті корпоративтік басқару туралы әдістемелік ұсынымдар тізімі талқыланды.

«Көптеген компанияларға бұл жаңа тәжірибе екенін ескере отырып, жүйені енгізуге көмектесетін ынталандыру шаралары қажет. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алуларда жеңілдіктер түрінде артықшылықтар беруді ұсынамын. Сондай - ақ, ҚР Ұлттық Банкіне пруденциалдық нормативтер жүйесін қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу қажет», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Никитинская.

Іс-шараға қатысушылар корпоративтік басқару институтын пайдалану мен жетілдірудің және жеке сектордың оны енгізуге мүдделілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ жыл сайын корпоративтік басқарға арналған республикалық Форум өткізу керектігі шешілді, бұл Ұлттық Кеңестің қызметін жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер