Солтүстікте Сауда кәсіпорындарының қауымдастығы құрылады
Осындай шешім СҚО Кәсіпкерлер палатасында сауда саласындағы мәселелер жөнінде өткен жиын барысында қабылданды.
Жиын қатысушыларының пікірінше, сауда саласында қызмет ететін бизнес субъектілерінің шоғырландыру мәселесі облыста баяғыдан бар.
«Биыл 1 қыркүйекке сәйкес облыста 28,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъекітісі жұмыс істейді, онда 98,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік құрылымында жұмыс істеп тұрған субъектілердің басым бөлігін сауда саласы алып отыр – 42,1%. Сондықтан, бизнесіміздің пікірін шоғырландыратын, жұмысын оңтайландыратын қауымдастықты құру мәселесі қазіргі таңда өте орынды деп санаймыз», – деді ӨКП директоры Дархан Қалиев.
Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы «Солтүстік Қазақстан облысының сауда кәсіпорындары қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің жарғысын және құрылтай құжаттарын әзірлеуге жәрдемдесті.
«Барлық түйткілдер «Таткрафт-инвест» ЖШС директоры Андрей Исаковпен алдын ала талқыланып, шешіліп отырды. Исаков облысымызда кеңінен танымал «Семейный» супермаркеттер желісімен таныс. Осы сұрақтар бойынша сіздердің пікірлеріңізді тыңдау біз үшін маңызды: осындай қауымдастықтың болғанын қалайсыздар ма, жоқ па? Жалпы ұйымдастырушылық жұмысты қалай жүргізген жөн?», – деп сауал тастады СҚО ӨКП директорының орынбасары Марат Ысқақов.
Айта кетелік, жиынға қатысушылар – сауда саласының өкілдері бұл бастаманы бірауыздан қолдады, өйткені бизнестің осындай бірлестігі облыс бойынша қажет шара.
«Біз жиі жүгінетін салалар – құрылыс, мейрамахана, фармацевтикалық бизне. Бұл салаларда осындай қауымдастықтар құрылған. Мұндай формадағы бірігу өз тиімділігін дәлелдеген. Сондықтан жалпыға ортақ мәселелерімізді мемлекеттік органдармен бірлесіп, заң деңгейінде тиміді шешіп, алға қарай даму үшін бірігу керек», – деді «Таткрафт-инвест» ЖШС диркторы Андрей Исаков.
Әріптестің ойын «КВИК-СТАР» ЖШС директоры Азамат Ақпанбаев та қолдады. Өйткені салада мәселелер көп, жалғыз жүріп шеше алмайсың дейді кәсіпкер.
«Мәселен, бүгінде жарнама бойынша пробелмалар жиі туындайды. Барлығымызда имидждік өнім суретімен баннерлер ілулі тұр. Ал оларды мемлекеттік орган қызметкерлері жарнама ретінде қабылдайды. Бақылау-кассалық аппараттар бойынша да сұрақ көп, онда міндетті оператор болып «Қазақтелеком» АҚ белгіленген, ал «Билайн» компаниясында бағалар әлде қайда төмен. Әрине, осы мәселелерді жалқы шешкенше бірге шешкен абзал. Қазір кіру жарнасын тағайындау, төраға мен әкімшіні сайлау керек, ал кейін басқа да әріптестерімізді ақпаратпен қамтамасыз ету керек», – деді Азамат Ақпантаев.
Дауыс беру нәтижесінде «Солтүстік Қазақстан облысының сауда кәсіпорындары қауымдастығының» төрағасы болып бір ауыздан «Таткрафт-Инвест» ЖШС директоры Андрей Исаков сайланды. Енді осы саланың өкілдері өздерінің қауымдастығын ресми түрде тіркеп, басқа әріптестерімен үнемі байланыста бола отырып, ағымдағы кездесулер, іс-шаралар, сауалнамалар туралы хабардар ететін әкімшісін таңдайды. Өз кезегінде СҚО кәсіпкерлер палатасы осы мәселелерді шешуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Алдын ала деректер бойынша жаңа қауымдастықтың құрамына сауда саласының негізгі 40 өкілі кіреді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: