«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құтыруға қарсы вакциналарды жеткізушілер банкроттық алдында тұр

2018 жылғы 12 Қазан
3308 просмотров

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті бірден қазақстандық жеті компанияны бұрын сатылған препаратты алмастыруға, ал кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушы деп тануға мәжбүрлеп отыр.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

Ұлттық палатаға осы мәселе бойынша Республикалық ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігі қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тұрғамбаев қайырылған болатын. Ол 2016 жылы жеті кәсіпорын мемлекеттік сатып алу арқылы құтыруға қарсы вакциналардың ірі партиясын жеткізген. Алайда, олардың сапасын тексеруді ветеринариялық бақылау комитеті...тоғыз (!) айдан соң қолға алған. Ол кезде келісім шарт мерзімінің өтіп кеткеніне де үш ай болған. Яғни вакциналар өңірлерге жіберіліп көпшілігі іс жүзінде пайдаланылып қойған.

«Препараттар сертификатпен бірге жеткізіледі, өйткені біз ДСҰ-да халықаралық келісімдер бойынша жұмыс істейміз. Алайда  олар соған қарамастан тоғыз айдан кейін тексереді және тауардың сапасыз екендігі туралы сотқа талап-арыз береді. Кәсіпкерлер барлық партияны алмастыруды талап етеді.  Ал бұл миллиондаған сома. Кешіріңіздер, қандай ақшаға оны ауыстыруға болады? Олар банкротқа ұшырайды», - дейді Нұрлан Тұрғамбаев.

Мысалы «Ветбиофарм» ЖШС 98 млн теңгеге вакцина жеткізген, бұл 1 млн дозадан артық. Бірақ сот шешіміне сәйкес, енді ол алмастыруды жүзеге асыру керек. Комитет вакцина сапасының сәйкес еместігін жануарлардың жұғу ошақтарымен түсіндіреді. Алайда Тұрғамбаевтың айтуынша, шенеуніктер бұл фактіні сотта дәлелдей алмады.

«Құтыруға қарсы екпе мал басының екіден бес пайызына дейін егіледі. Бірақ бұл ошақтарда қарсақтар да, жабайы жануарлар да бар. Және сотта нақты қанша сиырдың сапасыз вакцинадан ауырып қалғанын сұрағанда, олар жауап бере алмады. Қандай вакцинаның қайда кеткенінің тізімдемесі бар, жануарлардың паспорты бар. Алайда комитет өкілдері олардың қолында ештеңе жоқ екенін айтты», - деді спикер.

Кеңесте айтылғандай, ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы бар, онда ветеринариялық препараттарды қолдануға тек зерттеу нәтижелері оң болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сапасыз вакцина қолдануға жол беріп отырған Комитеттің лауазымды тұлғалары ережелерді өздері бұзған.

«Сонымен қатар сот талқылауы барысында сараптама жүргізген «КазНИВИ» ЖШС сол кезде иммундық белсенділік көрсеткішін анықтауда тиісті аккредитациядан өтпегендігі анықталды», - деді Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева.

Комитеттің бір көзден алу тәсілімен талаптарға сай келмейтін компания вакциналарының сапасын тексеруді тапсыру фактісінің өзі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық ретінде бағалануы тиіс, деп сендірді Кеңес мүшелері.

Малдәрігерлік бақылау комитетінің позициясын есту мүмкін болмады. Мемлекеттік органның өкілдері ресми түрде ол туралы хабарланына қарамастан жиынға қатыспады.

Бұл оқиғада соттардың ұстанымы да екіұшты болып тұр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен елорданың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Комитетке талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Алайда Жоғарғы Сот кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушы деп таныды. Екі компанияға қатысты соңғы шешім әлі шығарылған жоқ.

«Бұл препараттар ұзақ жылдар бойы өз тиімділігін дәлелдеп келген. Бірақ менің ойымша, сотқа талап-арыздарды жібере отырып, шартты жасау кезінде айтылған қандай да бір «шәпкіні» алмаған сияқты. Осыған байланысты Ұлттық бюроға сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу жүргізуді ұсыну қажет. Осыдан 10 жыл бұрын шенеуніктер тарапынан жасалған қылмыстар ашылып, кінәлілер жазаланған», - деді Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатиров.

ҚР Бизнес-омбудсмені Болат Палымбетов ветбақылау комитетінің жұмысына және қолданыстағы функцияларының орындылуына қатысты күмән келтірді.

«Комитет немен айналысуы керек екенін тереңірек қарау керек. Мүмкін онда тек сатып алумен айналысатын адамдар тобы отырған шығар. Сіздер кәсіби мамансыздар, ұсыныс енгізейік. Мүмкін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Департамент ашу керек шығар? Неге мұндай аппарат, орынбасарларымен керек, түкке тұрмайтын шаруалармен айналысып отырса неге ұстаймыз оларды? Мен сіздерге кәсіби маман ретінде тағы да осы сұраққа тереңірек қарауды ұсынамын», - деді Болат Палымбетов.

Қорыта келе, «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов Жоғарғы соттың шешімін ескере отырып, кәсіпкерлерге бұл мәселеде көмек көрсету оңай болмайтынын атап өтті.

«Комитет өзінің теріс пиғылын көрсетті. Алайда қорқудың қажеті жоқ. Шенеуніктер тығылып, қашады. Бірақ біз осы іс бойынша құжаттар дайындап жіберген кезде сіздерге мәселені егжей-тегжейлі сипаттап беруді сұраймын. Бас прокуратураға мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде осы ведомствоның қызметіне талдау жасауды ұсыну қажет», - деді Қайырбек Сүлейменов.

Сондай-ақ Қайырбек Сүлейменов бұған дейін ауыл шаруашылығы министріне ресми хат жолдағанын, Министрдің бірінші орынбасарымен сөйлескенін, нәтижесінде ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің басшылығына отырысқа қатысу тапсырылғандығын айтты. Бірақ олар да отырысқа келген жоқ.

Парламент қарауында Мемлекеттік сатып алу туралы заңды өзгерту жөніндегі заң жобасының болуына байланысты Қайырбек Сүлейменов депутаттардан, Кеңес мүшелерінен осындай жағдайлардың болашақта қайталануын болдырмау үшін Комитеттің сатып алуда қалыптасқан жағымсыз тәжірибесін ескеруді сұрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер