Көкшетауда Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі техникалық кеңес құрылды
Бүгін Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасында Отандық тауар өндірушілерді қолдау және отандық тауарларды алға жылжыту бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті
Айта кетелік, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық әкімдікпен бірігіп, жергілікті және жалпы отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бірлескен жұмыстарды жандандырды. Осы жұмыс аясында апта сайын бейенбі күндері – құрамына өкілетті органдар, қоғамдық бірлестіктер, бейінді ұйымдар өкілдері мен ӨКП Кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері кіретін Жұмыс тобының отырыстары өтіп тұрады.
Техникалық кеңестің регламенті бүгінгі отырыста талқыланды. Техникалық кеңес Ақмола облысының аумағында жүзеге асырылатын біртұтас құрылыс саясатын іске асыру, объектілерді жобалау және салу сапасын арттыру мақсатында құрылған. Облыстық Құрылыс басқармасының жетекшісі Марат Әубакіровтың айтуынша, кеңес өндірістік қызметтердің өзара қызметін жүзеге асырады, жобалау объектілерінің жағдайын талдайды және бастапқы жобалау сатысында пайда болатын мәселелерге тиімді шешімдер іздеуді жүргізетін болады. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық станция, өртке қарсы қызмет пен коммуналдық қызметпен байланысты білім беру мен денсаулық сақтау объектілеріне қажетті технологиялық жабдықтар бойынша мәселелер де техникалық кеңес құзіретіне кіреді.
Диалог алаңы барысында жобалау кезеңінде Қазақстанда жасалған құрылыс материалдар, жабдық, бұйымдар мен конструкцияларды енгізу мәселесі талқыланды. Бұл мәселе стратегиялық мәнге ие, өйткені мердігерлер жобаны жүзеге асыру уақытында жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген құрылыс материалдарды сатып алады. Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілердің тауарларын тимді өткізу мен алға жылжыту мақсатында олардың өнімін құрылысты жобалау уақытында енгізу керек.
Айта кетелік, Тапсырыс берушінің қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру ережелерінің 11-бабы 8-тармақшасына сәйкес ол ресми интернет-ресурста өкілетті ведомствомен бекітілген жобалық-сметалық құжаттамада (К қосымшасы) қарастырылған қажетті құрылыс материалдар, жабдық, конструкциялар туралы ақпараттың шығуын қамтамасыз ету керек.
Жұмыс тобының міндеттерінің бірі – мемлекеттік секторды сатып алуда және мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама жобаларында жергілікті қамтудың көлемін мониторингілеу болып отыр. Алайда, ӨКП директорының орынбасары Шыңғыс Теміровтың айтуынша, жергілікті қамту көлемін мемлекеттік сатып алуда мониторингілеудің нақты алгоритмі жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сектордағы жергілікті қамту үлесі 18%-ды құрады, ал биылғы жылдың аралық кезеңінде – 14% болған. Осы ретте отандық материалдың салыстырмалы салмағы 78-95%-ды құрайды.
Талқылау нәтижесінде Палата сарапшылары келесідей алгоритмді ұсынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтағаннан кейін, тапсырыс берушілер Палатаға белгіленген үлгідегі жергілікті мазмұн туралы есеп беруі тиіс.
«Елбасы белгілеген стратегияны жүзеге асыру бойынша жұмыс өте ауқымды болмақ. Біз қандай жергілікті қамту деңгейінде тұрғанымызды анықтау қажет. Бірыңғай механизмді жасау керек, жұмысымызды біріктіріп, кері байланысты орнықтыру қажет. Нарығымызды қорғап үйреніп, сатып алуда қалыптасқан жағдайды өзгертуіміз керек. Бұл мемлекеттік ақша, демек, экономикаға жұмыс істеуі абзал», – деп қорытындылады ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: