«Атамекен» «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына шақырады
12-13 қазанда Астанадағы «Көрме» орталығында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына отандық тауарлардың кең ассортименті ұсынылады.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі Ләззат Рамазанова биылғы көрме-байқаудың ерекшеліктерін айтты.
«Байқауға еліміздің барлық облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында маусым мен тамыз аралығында өткен өңірлік кезеңдердің 153 жеңімпаз компаниясы қатысады. Биыл біз жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тұңғыш рет онлайн дауыс беруді қосып отырмыз. Ертең сараптау комиссиясы республикалық көрмеге қатысушылардың ішінен 27 финалисті анықтайды. Қазақстандықтар 15-25 қазан аралығында отандық үздік өндірушіге дауыс бере алады»,-деді ол.
Ләззат Рамазанованың айтуынша, өңірлік кезеңдерге қатысушылардың жалпы саны биыл 1163 компанияны құрап отыр, алайда олардың саны осыған дейін 650-800-ден аспаған.
«Бұл қазақстандық кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің өз өнімдерін ілгерілетуге және одан әрі өткізуге қызығушылығының артып отырғанының дәлелі, қатысушыларға жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға мүмкіндік бар. Қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуеті жылдан жылға артып отырғаны қуантады», - деп атап өтті ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі.
Биылғы конкурс үш номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».
Көрмеге келушілер азық-түлік тауарларының дәмін татып көруіне, өнімдерді тауар өндірушілердің бағасымен сатып алуына болады. Сонымен қатар қонақтар отандық өндірушілердің ұсынған киім үлгілері таныстырылымын тамашалап, сағат 15:00 де сыйлықтар ұтысына қатыса алады. Ал тауар өндірушілерге арнайы шеберлік сабақтары, іскерлік кездесулер өткізіледі.
«Бізде мақтанып айтуға тұрарлық дүниелер баршылық. Отандастарымыз елімізде қандай тауарлар өндірілетінін біле бермейді. Осы көрменің аясында мүмкіндігінше отандық тауарларымызды көпшілікке таныстыруды мақсат тұтып отырмыз»,-деді «Атамекен» ҚР ҰКП республикалық байқауларының ұйымдастырушысы Салтанат Әбдікәрімова.
«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын 2015 жылдан бастап ұйымдастырып келеді.
Қазіргі таңда еліміздегі шағын кәсіпорындар саны өсуде, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы отандық нарыққа шығуға кең мүмкіндік тудырып отыр.
«Біздің кәсіпкерлердің серіктес іздеуіне және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуіне мүмкіндік туады. Конкурс ҚР Сыртқы істер министрлігінің шорт-парағына енгізілген. Бүгінде 20-ға жуық Елшілік өкілдері көрмеге қатысуға ниет білдірді»,-дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі Ләззат Рамазанова.
Айта кетейік, байқау отандық өндірушілердің қызметін жандандыру мақсатында өткізіледі және шығарылатын өнімнің сапасын арттыруға, Қазақстан нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті тауарлармен толықтыруға, сондай - ақ өнеркәсіп, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын сапа проблемаларын шешу және халық арасында сапа идеясын көпшілікке тарату қажеттілігіне аударуға бағытталған.
ҚР Президенті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» биылғы Жолдауында кәсіпорындарға халық тұтынатын тауарлардың кең ауқымын, «қарапайым заттар экономикасын» игеруді тапсырды. Бұл экспорттық әлеуетті жүзеге асыруға, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен ұлғайтуға тың серпін береді.
Көрме 12,13 қазанда, сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.
Мекенжайы: Астана қаласы, Достық көшесі 3., «Көрме» орталығы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: