Кәсіпкерлерге келтірілетін кедергілер әлі де азаймай отыр
Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, барлық есік, түрлі салаларда жол ашық дегенімізбен, бизнес өкілдерінің қызметіне келтірілетін кедергілер азаяр емес.
Шағын және орта бизнестің өріс жаюына тұсау болған жағдайлар бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің біріккен отырысында талқыланды.
«Биылғы 1 қыркүйек күні менің есепшотым, төлем карталарым бұғатталып, барлық шоттарыма шектеу қойылды. Салық комитетіне барғанымда маған 865 000 теңге көлемінде салық қарызының барын ауызша айтты. Егер 125 000 теңге төлесең, шоттарыңыз ашылады дегесін, қарызданып, оны да төледім. Енді қалған соманы сот арқылы өндірмек. Аяқ астынан жиналған нендей ақша екенін түсіне алар емеспіз. Ешкім ештеңе деп хабарлама немесе ескерту жасаған емес», – деді кеңеске жүгінуге келген жеке кәсіпкер Сәуле Ғабдрахманқызы.
Кәсіпкерлердің бұлайша қарызға батуына алкоголь өнімдерін сатуды жүзеге асыру үшін берілетін лицензиялық алымдардың жиналып қалуы себеп болған. Олардың 2018 жылдың 1-ші және 2-ші тоқсандарында қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу үшін лицензияны пайдаланғаны үшін салық берешегі өтелмегендіктен, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс Департаментінің шешімімен банктік шоттары бойынша операциялар тоқтатылған.
«Мемлекеттік кіріс туралы департамент басшылығы салық органдарына жүктелген міндеттерді орындау үшін жеке жауап береді.Нұсқаулықта жазылған ұйғарымдарға сәйкес олар Салық кодексіне сәйкес салық органдарына жүктелген міндеттерге бағытталуы тиіс жұмысты ұйымдастыруға міндетті. Бұған алдын-ала ескерту мен хабарлама жасау да жатады. Сонымен қатар лицензиялық алымдар алу туралы заң бабы бүгінде күшін жойған Салық кодексінің ескі нұсқасында бар, ал Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы Заңында бұл баптар алынып тасталған. Сондықтан Салық органдары кәсіпкерлерден қарыз өндіруі заңсыздық емес пе?», – дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысындағы Кәсіпкерлер палатасы секторының меңгерушісі Руслан Күйшінов.
Кеңеске қатысқан Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысының орынбасары Руслан Хамбаров осы мәселеге байланысты шағымдар Республика бойынша да кездесетінін, олардың біразы қарыз берекшектерін төлеп қойғандығын және құзырлы органның әр кәсіпкерге хабарлама жіберуге міндетті еместігін алға тартты. Кеңестегі талқылау барысында бұл істі сотқа дейінгі келісім арқылы шешу мүмкін болмады. Дегенмен Кәсіпкерлер палатасының заңгер мамандары шағымданушы кәсіпкерлерге құқықтық консультациялар беріп, оларға сот отырысы кезінде сүйемелдейтін болды.Кеңес отырысында №16 орта мектептің директоры Э.Ш. Ожерельеваның негізсіз іс-әрекетіне қатысты «Алиф Каз Строй» ЖШС мердігерлік компаниясының шағымы да қаралды.Серіктестік келісім-шарт бойынша жобалық сметалық құжатта көрсетілген барлық жұмыс көлемін орындаған, сонымен қатар, ЖСҚ көрсетілмеген қосымша ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізген. Дегенмен,Тапсырыс беруші «Мемлекеттік сатып алу» туралы ҚР Заңының 12 бабының 4 тармағына сәйкес келісім – шарт міндеттемелерін уақытында орындамағаны үшін «Алиф Каз Строй» ЖШС жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыз берген.\
«Заң талаптарының кәсіпкерлерге кедергі келтіретін тұстары болса, ол қайта қаралуы тиіс деп ойлаймын. Бизнеске қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілер Кәсіпкерлер палатасы сараптамасынан өтетінін айтқым келеді. Аталмыш жұмыс Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі мен «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Жергілікті жерде шешімін таппаған мәселелер Ұлттық палатаға жолданып, Жоғарғы сотпен арадағы «Жол картасы-2019» бағдарламасы аясында есепке алынып, қажет болған жағдайда Заң актілеріне өзгертулер енгізу жүзеге асырылады»,-деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин.
Кеңес қорытындысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірге жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша талдау жасалып, лауазымды тұлғалар тарапынан жіберілген заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қолдану туралы шешім шығарылды. Сондай-ақ, Палата мамандары кәсіпкерлердің мүдделеерін алдағы сот отырыстарында қорғайтын болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: