«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы Литва Республикасының Қазақстандағы елшілігімен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды

2014 жылғы 04 Сәуір
9306 просмотров

Ағымдағы жылдың 4 сәуір күні Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева мен Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рокас Бернотастың ресми кездесуі өтті.

Екі тарап Қазақстан мен Литва арасындағы өзара түсіністіктің жоғары дәрежеде екенін жеткізді. Алайда аталған мемлекетпен тығыз қарым-қатынасымыз бүгінгі күнмен шектеліп қалмақ емес. Кездесу барысында өзара әріптестікті дамыту, тереңдете түсу мәселесі кең талқыланды.

Қазақ және Литва елі арасындағы екі жақты бизнес-әріптестікті дамыту мақсатында Кәсіпкерлер палатасы мен Елшілік арасында халықаралық және аймақаралық сауда-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, мәдени даму мүмкіндіктерін арттыру бойынша меморандумға қол қойылды. Сол арқылы тараптар экономиканың әр саласы бойынша күш біріктіруге уағдаласты. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және сауда салалары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмыла кіріседі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаеваның айтуынша, бұл меморандум екі жақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда үлкен маңызға ие.

«Қазақстан мен Литва Республикасы арасында түрлі салалар бойынша, соның ішінде бизнес саласында да әріптестік табысты дамуда. Екі елдің бизнес бастамаларын дамытуға қолайлы жағдай жасау үлкен мәнге ие мақсаттардың бірі. Бүгінгі меморандум осы бағыттағы әріптестіктің көкжиегін кеңейтіп, достық қарым-қатынасымыздың нығая түсуіне жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деді Сатабаева.

Литва Республикасының Қазақстандағы Елшісі өз сөзінде Қазақстан Литва Республикасы үшін Орталық Азиядағы бас серіктесі болып табылатындығын атап өтті.

«Қазақстан мен Литва елдері бірнеше жылдар бойы серіктес болып келеді. Өткен жылдың қорытындылары бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 500 миллион евродан асты. Біз Павлодар облысымен экономика саласындағы ортақ бағыттарды анықтап, облыстарыңыз бен Литва елі кәсіпкерлерінің бас қосуына дайынбыз. Осы бастамаларды Елшілік қолдауға толығымен дайын», - деді Рокас Бернотас. 

Кездесу барысында, сонымен қатар, Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығы мен Кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі бағыттары мен міндеттері жөнінде сөз қозғалды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер