«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мәртөк ауданы кәсіпкерлерінің мәселелері тыңдалды

2018 жылғы 09 Қазан
- Ақтөбе облысы
1534 просмотров

Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелерінің аймақатардағы бизнестің проблемалық мәселелері пулын анықтау мақсатында ұйымдастырылған аудан кәсіпкерлерімен кездесу шаралары басталды.

Алғашқы болып, Мәртөк ауданының орталығында өткізілген іс-шараға Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дәмиля Құнанова, Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Алғабас А» ЖШС директоры Азамат Өтепбергенов және Аудандық кәсіпкерлер одағының төрағасы Самат Сәдуанов қатысып, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады. Мәртөк ауданының кәсіпкерлері негізінен жер мәселесін, несие алу, сауда орнын ашу жағдайларын қозғады.

Мәселен, Кәсіпкерлер палатасының бизнес негіздері тренингтерін оқып шыққан Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылының тұрғыны Еркінай Оразымбетова, 2016 жылы Ауылшаруашылығын қолдау қорынан 1 млн 200 мың теңге көлемінде несие қаржысын рәсімдеп, ірі қара мал өсірумен айналысып отыр. Қазіргі кезде жерді жалға алып, шаруашылығын ешкі малымен көбейтпек. Ол үшін жалға алған жеріне арнайы база мен цех салудың заңдылығы туралы сұрай келіпті. Бұл сұраққа Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері жалға алынған жердің мемлекеттің иелігінде болатыны және салынған нысандардың да уақыты келгенде мемлекет есебіне өтетіні жөнінде айтып түсіндірді. Еркінай Оразымбетова осыған қарамастан, құрылыс жұмыстарын бастауға ниетті.

Сол секілді, кәсіпкер Шолпан Атанғарина өзінің отбасылық бизнесін дамытуға ауданда жалға алатын ғимараттың жоқтығы кедергі болып отырғаны жөнінде шағым айтты. Шолпанның жолдасы мен балалары ағаштан күрке, сәкі секілді бұйымдар жасаумен айналысады екен. Кәсібін кеңейту үшін оларға арнайы орын керек. Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин бұл туралы аудан әкімдігіне кәсіпкерге жер бөлу туралы ұсыныс айтатынын жеткізді.

Сонымен қатар, Мәртөк ауданының шаруалары «Сыбаға» бағдарламасының талаптарына сай асылтұқымды ірі қараны сатып алу бойынша қиындықтардың бар екенін ортаға салды. Осыған дейін олар асылтұқымды малды Ресейдің көршілес облыстарынан сатып алып келген. Қазіргі кезде Ресейдің бірнеше облыстарында карантин жарияланғандықтан, шаруаларға аталған бағдарламаның шартын орындау мүмкін болмай отыр. Бұл мәселе бойынша да Кәіпкерлер палатасы атқарушы органдармен бірлесіп, құзырлы органдарға карантин себептерін анықтап, тыйым салынбаған облыстардан мал алу туралы өтініш берілгені, мәселе жақын арада шешімін табуы тиістігін мәлімдеді. Кездесуде кəсіпкерлер тарапынан несие беру кезінде талаптардың көптігі, жалға алынған жерлердің бастапқы мақсатын өзгертуде кездесетін кедергілер, аудандық бағбандарға Ақтөбе қаласындағы «Табыс» базарынан орын беру және тағы да басқа мәселелер көтерілді.

Бүгінде ауданда 1706 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың 1638-сі жұмыс жасап тұр. Жыл басынан бері Мәртөк аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 116 кәсіпкерге құқықтық көмек көрсетіп, кәсібін жаңадан бастағысы келетін 560 адамға консультация берілген, нәтижесінде 72 жеке кәсіпкер өз кәсібін бастап кетті.

«Аудандағы кәсіпкерлердің құлшынысы қуантады. Алайда, олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың талаптарын біле бермейтіндігі байқалды. Жергілікті билікті кәсіпкерлердің  мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, заң шеңберінде еңбек етуге, ауданның экономикалық дамуы үшін кеше ғана жарық көрген Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауын бірлесе жүзеге асыруға шақырамын», – деді Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерді қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин.

Өтініш айта келгендердің барлығының арыз-шағымы қаралып, жуық арада жауап берілетін болды.

Осыған ұқсас басқосулар облыстың барлық аудандарында жүргізілмек. Кездесу нәтижесі бойынша аудандардағы бизнеске кедергі келтіретін негізгі проблемалар анықталып, ҚР заңнамаларына сәйкес оларды жою бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстар әзірленбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер