Мемлекеттік сатып алудағы шартты жеңілдіктер отандық тауар өндірушілерді қолдамайды- «Атамекен»
Ұлттық палатада мемлекеттік сатып алу кезінде баға ұсынысына әсер ететін өлшемдерді заңға тәуелді деңгейге көшіру отандық тауар өндірушілерді қолдауды әлсіретпейтіндігі түсіндірілді.
«Атамекен» 2017 жылдың 1 тамызынан бастап ҚР ұлттық стандарттарының техникалық талаптарда көрсетілуі міндетті еместігін еске салды. Бұл сатып алудың ашықтығы принципіне қайшы және тапсырыс берушілерді сапасыз тауарларды жеткізуден қорғай алмайды.
Осы уақыт ішінде Ұлттық палата сатып алу ережелеріне ҚР ұлттық стандарттарын міндетті түрде көрсету туралы норманы қайтару үшін жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде, 2018 жылдың шілдесінде ҰКП сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізуге қол жеткізді.
«Заңға тәуелді актілердің тұрақсыздығын түсіне отырып, «Атамекен» мемлекеттік сатып алу туралы заңда тиісті норманы бекіту қажеттілігін талап етті. Отандық өндірушілерді қолдауды күшейту үшін Ұлттық палатаның бұл ұсынысы мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасына енгізілді», - деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөз болған баға ұсынысына әсер ететін критерийлерге қатысты, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу туралы заңда ұлттық стандарттар өнім берушілерге 2% мөлшеріндегі шартты жеңілдік түрінде ғана артықшылық береді. Бұл ретте, ұлттық стандарттарды ұсыну міндетті емес, ол өнім берушінің құқығы және отандық өндірушілердің артықшылықтарын толық көлемде қамтамасыз етпейді.
«Осыған байланысты Ұлттық палата мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық стандарттың болуы міндетті екендігі туралы мәселені көтеруде. Мемлекеттік сатып алу туралы заңда ұлттық стандарттар болуы тиіс», - деп атап өтті Қуаныш Бишімов.
ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, дәл осындай тәсіл отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғауды күшейтеді, өйткені импорттаушылар міндетті түрде мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін ҚР ұлттық стандартын алуы тиіс.
«Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев көтерген критерийлерді заңға тәуелді деңгейге көшіру мәселесі, отандық өндірушілерді қолдауды әлсіретпейді. Ұлттық палатаның әлеуетті жеткізушілердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсыну міндеттерін заңнамалық бекіту туралы ұсыныстары отандық өндірушілерге шартты жеңілдікке қарағанда артықшылық береді», - деп түйіндеді Қуаныш Бишімов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: