«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табысты тігіншілік өнер

2018 жылғы 02 Қазан
- Қостанай облысы
15166 просмотров

Евгения Домбаева сүйікті істі тез арада бизнеске айналдырып жіберетін адамдар қатарынан емес

Ол мақсатына дайындықпен келді: жеңіл өнеркәсіп техникумында білім алды, тоқсаныншы жылдары ательелер жаппай жабылып жатқан уақытта үйде отырып, тапсырысқа киім тікті. Ары қарай орынжайды жалға алды... қазіргі таңда қостанайлық бизнес-ханым облыстың ең ірі шығармашылық топтарын киіндіріп отыр. Салонның басты «басымдығы» – ұлттық нақыштағы қолдан тігілген той көйлегі мен сәукеле.

Қазіргі қалыңдықтар қазақ ұлттық көйлектерді таңдайды. Бұл сән емес, салт-дәстүрді құрметтеудің белгісі. Осы ретте Қостанайда тойға арналған ұлттық киім үлгілерін табу оңай емес. Демек, Евгения Домбаеваның ательесі – қостанайлық қалыңдықтарға таптырмас мүмкіндік.

Барлығы мектеп табалдырығында тігін үйірмесінен бастау алды. Аттестатты алған соң Евгения болашақ мамандықты таңдауда көп ойланбады – тігуді жалғастырғысы келді. Барлығы оңайға соқты. Евгения үш ай бойы ательеде оқып жатқанда, оны шебер ұстаз шақырып алған.

 «Қазір мені ұрысады деп ойладым. Ал ұстазым болса, есікті жауып, мен тіккен көйлекті шығарып: «Мынаны қалай піштің, айтшы?» деп сұрады. Осыдан кейін маған күрделі әрі қымбат тапсырыстарды бере бастады», – деп есіне алды Евгения Домбаева.

Кейін қайта құру кезеңі басталды, жұмыс табу қиынға соғып, дүкендер босап жатты. Евгения ол кезде отбасын құрып, өз балаларына арнап киім тікті. Тіпті курткалар мен тоңдарға дейін өзі тікті. Балаларға тігілген сәнді киімдер көпшіліктің назарына түсіп, Евгенияға тапсырыстар ағыла бастайды. Осылайша келіншек үйде отырып, киім тіге бастайды.

Жақсы тігінші туралы ақпарат ауыздан ауызға таралды. Мәселен, Евгенияның балалары бал билерімен айналыса бастаған соң, қостанайлық филармония тұрақты клиенттер тізіміне ілінді. Олардың сахналық киімдері  көрермендерді талай тамсантты. Енді «Костанайские зори», «Славянская песня» ансамбльдері ательеден киінеді.

 Дегенмен, шебердің басты мақтанышы – той көйлектер. Сондықтан Евгения Домбаева «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысамын деп шешті. Байқаудың қазылар алқасы Евгения Домбаеваның талантын бірден байқады, «Домбаева» жеке кәсіпкерлігі «Халыққа арналған үздік тауар» аталымын жеңіп алды. 12 қазан күні тігінші өзінің бірегей көйлектерін республикалық көрмеде таныстыратын болады.

 Евгения Домбаева ұлттық киім үлгілерін тігуде оюларға алтын жіптерді, страз бен Swarovski тастарымен көмкереді.

«Біз әр қалта көтеріндей киім тігеміз, баға таңдалған мата, фурнитура, пішуіне қарай өзгере береді. Сәукелелер үлкен сұраныста. Бастапқыда оларды өзім тігіп үйрендім, енді өзгелерге үйретудемін», – деді кәсіпкер.  

Евгения Домбаева тіккен көйлектерімен тұрмысқа қазақстандық қыздар ғана емес, Ресей, Германия қалыңдықтары да шығады. Бірегей көйлектерді сатып алу үшін қалыңдықтар арнайы Қостанайға келеді екен.  

 Қостанайлық бизнес-ханымның көйлектерін Канадада жақсы бағалады. Шетелдіктер Евгенияны өздеріне шақырған, алайда Евгения туған жерден кетпей, осында бизнесін дамытпақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер