«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нетворкингтік кездесулер кәсіпкерлерге не береді?

2018 жылғы 01 Қазан
- Ақтөбе облысы
2681 просмотров

Өткен жұма күні «Байтау» қонақүйінде кәсіпкерлерге арналған Нетворкинг кездесу өткізілді. Мұндай шаралар елімізде енді-енді пайда бола бастағанымен, әлемдік тәжірибеде бұрыннан сәтті қолданылып, өз тиімділігін көрсетіп үлгерген. Нетворкинг кездесуі дегеніміз не? Әуелі сол туралы айтып өтелік.

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу – табыс кепілі. Әсіресе, бизнес саласында «адамның күні адаммен» деген сөз тіркесі өте өзекті. Кәсібіңді жүргізуде қажетті байланыстар орнату үшін серіктестерді қайдан табуға болады? Бұл үшін бизнес қоғамының арасында нетворкинг кездесулер өткізудің пайдасы зор көрінеді. Қаламызда осындай басқосуларды «АртЛаб» халықаралық көркемсурет галереясының басшысы Марина Деркач ұйымдастырады. Марина Владимирқызы әр жұма сайын «Байтау» қонақүйінің мәжіліс залында өткізетін мұндай кештеріне белгілі және өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, сондай-ақ, өңірдегі бизнестің дамуыту мәселелерімен түрлі деңгейде айналысып жүрген мекеме өкілдері қатысады.

«Нетворкингке пікірлестер, бірге жұмыс істегісі келетін жандар жиналады. Өмірде де бизнесте де басыңа іс түспей тұрып, тиімді қарым-қатынас орната білудің маңызы зор. Осындай креативті кездесулерде күнделікті бетперде шешіліп, адамның жан-дүниесі ашыла түседі. Біздің мақсатымыз - бизнес өкілдерінің арасында достық қарым-қатынас орнату», – дейді Марина Деркач.

Кездесулер өз нәтижесін бере бастады. Кәсіпкерлер нетворкинг кездесулерін өздері іздеп келетін жағдайға жетті. Марина Владимирқызы кезекті кездесуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановты шақырды. Қатысушылардың өңірлік кәсіпкерлер палатасының директорымен жақын танысумен қатар, бизнесті дамыту туралы лайфках алудың сәті түсті.

Нұрлыбек Мұқанов бизнес-тренинг өткізу барысында адамның өзі армандаған миллиондарға қол жеткізуіне не кедергі болады деген сұрақ төңірегінде өз пікірімен бөлісті. Бірлескен талқылау нәтижесінде оған көбіне адам бойындағы еріншектік, сараңдық пен өзімшілдік сияқты жағымсыз әдеттердің тосқауыл болатыны анықталды. Емін-жарқын атмосферада өткен кездесуде кәсіпкерлерді қолдау механизмдері туралы да құнды деректер айтылды. Сондай-ақ, палата басшысы кәсіпкерлерді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көрсететін қызметтермен таныстырып өтті.

«Бүгінгі кездесуден өзіме қажетті ақпараттар мен телефон нөмірлерін алдым. Мұндай кездесулер өз мүмкіндіктеріңді анықтап, қабілетіңді шыңдау үшін қажет. Кәсіпкерлердің басын біріктіретін осындай жиындар көп болса дейміз», – деп әсерімен бөлісті «Сана-зер» даярлық орталығының басшысы Әйгерім Аймағамбетова.

Кездесуде сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған 2Gis қосымшасының артықшылықтары туралы түсіндірілді. 2Gis қосымшасы ғиматтардың мекен-жайын анықтауға, компаниялар, кеңселер, орталықтардың байланыс нөмірлерін алып, олармен хат алмасуға, қоғамдық көліктердің бағыттарын анықтауға, қай жерде тұрғаныңызды білуге, көлік кептелісін бақылауға көмектеседі. Бұл қосымша Қазақстандағы ірі қалалардың барлығында дерлік қолданылуда. Бүгінгі күні қосымшаға Ақтөбенің 10 мыңнан аса ұйымдары мен заңды тұлғалары туралы мәліметтер енгізілген. Қазірдің өзінде оны 80 000 ақтөбелік пайдаланады екен.

Мұндай іскерлік кездесулер әр жұма сайын сағат 18.30-да «Байтау» қонақүйінде жүргізіледі. Кездесу еркін форматта Марина Деркачтың өнер туындыларының арт-галереясы аясында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер