Digital Arena - 2: Салалық проблемалар кабинеттерде шешілмейді
«Атамекен» ҚР ҰКП ІТ- Кеңесі «Ұлттық Ақпараттық технологиялар» АҚ қолдауымен Астана-ЭСКПО аймағындағы Astana Hub алаңында цифрландыру тақырыбына арналған Digital Arena - 2 форумы өтті.
Басқосуға цифрландруға жетекшілік ететін (CDO (Chief Digital Officer)) төрт жауапты вице-министр- Динара Щеглова (Dinara Chsheglova) (ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі), Тоқтабаев Тимур (ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі), Арман Евниев (ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі), Марат Нұрғожин (ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі), сондай - ақ, арнайы қонақ ретінде Be In Tech компаниясының басшысы- Бағдат Мусин (Bagdat Mussin) қатысты.
Басқосуға келген вице-министрлер IT-нарығының өкілдерімен Ашық диалог жүргізіп, жоспарлармен бөлісіп, бизнеспен тиімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Ең бастысы-қарекет!
Қазіргі таңда цифрлы технологияны қолдану арқылы елімізде онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да келешегі зор салалар дамып келеді.
«Әрбір адам бақытты өмір сүргісі келеді. Денсаулық маңызды дейміз-қадірін білмейміз. Жанұя маңызды дейміз, бірақ отбасы мүшелеріне уақыт тауып, көңіл бөлмейміз. Байығымыз келеді бірақ неден бастарымызды білмейміз, қарекет жасауға ерінеміз. Тіпті күнделікті кездесулерге кешіккен кезде мың сылтау табамыз. Бүгінгі басқосу мен үшін маңызды. Кәсіп ашып іс бастауға шақырамын баршаңызды», -деп бастады сөзін форумның модераторы, «Атамекен» ҚР ҰКП ІТ-Кеңесі төрағасы Мирус Құрмашев.
Анығын айтқанда ІТ индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытып отыр.
«Қарым-қатынастағы ашықтық пен қолжетімділік- тренд және жақсы идеялардың тууына себеп, өйткені «естілген халық» табысты мемлекеттің негізі. ІТ-нарық өкілдері мен цифрландыру бойынша министрліктердің басшыларына арналған аталмыш алаң IT-жобалардың сапасын жақсартып, бизнес пен мемлекеттік сектордың қарым-қатынастарын нығайтуға жаңа серпін береді»,-деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
АӨК цифрландыру- заман талабы
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ауылшаруашылығы саласын цифрландыру процесінде алда тұрған міндеттерімен бөлісті.
«Мемлекет басшысы жыл басында АӨК дамыту туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Отандық өнімдердің санын ұлғайтып импорт көлемін шектеуге, экспорттауға мән бере отырып, бес есе ұлғайтуды тапсырған еді. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығының екі ірі саласы ол өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының 25 бағытын дамыту арқылы елімізде агрокәсіпкерлікті ІТ шешімдерсіз қолға алып дамыту мүмкін емес»,-деді вице-министр.
Оның ойынша ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге ақпарат жетпейді. Соның салдарынан өкінішке қарай бүтіндей бір сектордың дамуы баяу.
«Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі екі ЖОО цифрландыру жүйесіне байланысты арнайы мамандарды дайындауды қолға алды. Онымен қоса әлемдегі ең озық технологияларды мысалы Канада мен Түркиядағы фермерлердің тәжірибелерін жергілікті фермерлерге там тұмдап жеткізіп жатырмыз. Бірақ бұл тым аз. Бізге Е-агроном, Е-ветеринар, Е-Селекция, AgroUber сияқты жобаларды қолға алу керек. Мемлекеттік субсидиялауды автоматтандыру сервистік қызметі де ауылшаруашылығы саласына ауадай қажет»,- деді Арман Евниев.
ҚР АШМ вице- министрі сонымен қоса нақты егіншілік жүйесі негізінде еліміздегі үш аймақта полигон ашылғанын (Алматы облысы, «Қаскелең» полигоны, Ақмола облысы, «Шортанды» полигоны, Қостанай облысы «Заречный» полигоны), олардағы цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тың жобалар туралы баяндады.
Киберспорт чемпионаты елге не береді?
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр? Қандай жобаларды ІТ мамандарына ұсынуға дайын және т.б. сауалдарға аталмыш сала өкілі жауап берді.
«Біздің елде бірде- бір компания барлық шешімдерді бір пакетпен толықтай ұсына алмайды. Министрлік тарапына қарайтын мекемелердің қолға алған міндеттемелері әралуан. Кен орындарының қоры туралы, мұнай қабатының көлемі, зауыттар мен фабрикалардағы жұмыс прцестерін цифрландыру шараларына қатысты шешімдер. Біз осы бағыттарда ІТ мамандарды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз»,-деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтыбаев.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі еліміз бойынша «Цифрлы Қазақстан» жобасына жауапты мекеме. Министрлік қарамағындағы екі ірі ІТ компания (Zerde Холдингі, «ҰАТ» АҚ) мемлекеттік органдар қызметін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.
«Барлық әлем жасанды интеллекті дамыту бойынша соңғы үлгідегі жобаларды нарыққа шығарып жатыр. Қазақстандық мамандар биометрия арқылы озық жүйелерді алға жылжыта алады. ІТ технологияларды дамыту үшін біздің министрлік инвестиция қарастырған»,-деді Динара Щеглова.
Министрлік осы жылдың маусым айында көршілес Қырғыз республикасына барып отандық 29 ІТ компания өз өнімдерін ұсынып, оның ішінде 5 меморандумға қол қойылып, екі жобаға келісім шарт жасалған.
«Келесі айда біз көршілес Өзбекстан Республикасына баруды жоспарлап отырмыз. Біз олардың ақпараттық кеңістігімен танысып, қандай жобалар оларға қызықты болатынын біліп, өз мамандарымыздың стартап жобаларын ұсынып көрмекпіз. Себебі олармен бизнес әріптестік тұрғыда атқаратын салалар, мысалы туристік бизнесте, білім беру саласында, логистикада ортақ қызығушылықтар бар»,-деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі.
Сонымен қоса, Динара Щеглова ҚР Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты жеке спорт түрі ретінде танығанын, алдағы уақытта елімізде киберспорт чемпионаты өткізілетінін мәлімдеді. Ауқымды шараға 40 мыңнан астам қатысады деп күтілуде.
Ақпараттық қауіпсіздік саласына да тың жобалар керек
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин компьютерлік жүйелерді дамыту бойынша технологиялық шешімдер, программалау тілін терең меңгерген мамандар әркезде керектігін айтты.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен ақпараттық қауіпсіздік саласында Жол картасы дайындалып жатыр. Сонымен қоса еліміздегі Ақпараттық қауіпсіздік бойынша концепция негізінде ақпаратты қорғауға мән беріліп оттыр. Ғарыштық зерттеулер ІТ саласына нақты тапсырмалар бере алады. Жалпы, еліміздегі барлық министрліктерде қазіргі таңда 341 шешімін күтіп отырған міндеттемелер бар. Біздің министрлік оның әзірге 44-ін шешті. Ауылшаруашылығындағы нақты егіншілікті ғарыштық зерттеулерсіз елестету қиын. Ақпарат, телекоммуникация, логистикада да ғарыштық программалау жүйелері ауадай қажет»,-деді Марат Нұрғожин.
Салалық проблемалар кабинеттерде шешілмейді!
Іс-шараға шақырылған арнайы қонақ – инноватор, Be In Tech компаниясының басшысы Бағдат Мусин корпоративті сектордағы цифрлық шешімдер мен мәселелер туралы айтты.
«Осыдан біршама уақыт бұрын АҚШ-та екі айдай біліктілік жетілдіріп келдім. Барлық құндылық әлеуметтік желілерде емес. Саладағы проблеманы шешу үшін оның нағыз ошағына бару керек. Ауасын жұтып, сезіну керек. Сонда мәселе өзінен-өзі реттеледі. ІТ мамандары аяқ баспаған бағыттар баршылық, мәселен мұнай, ауылшаруашылығы, денсаулық және т.б секторларда шешімін күтетін есептер жетерлік »,-деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша әлем ақпараттық технологияларды дамыту бойынша бәсекелес ортаны тудырып, нарықты қалыптастырып отыр. Кімнің ақпараттық жүйелері мықты, сол ел-қуатты. ІТ саласы ауыр индустриямен үндес болуы керек.
Форумның «Ашық микрофон» интерактивті сессиясында IT нарығының қатысушылары мемлекеттік органдардың өкілдеріне сұрақ қойып, жауап алды.
Айта кетейік, бір ай бұрын Astana Hub ғимаратында бірінші Digital Arena форумына ҚР Денсаулық сақтау вице министрі, ҚР Қаржы вице министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі, ҚР Білім және ғылым вице министрі қатысып өздері басқаратын мекемеде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндап, ІТ мамандарын алдағы жоспарларымен таныстырып, бұл жұмыс процесіне белсене атсалысуға шақырылған болатын.
Осы жиыннан соң –ақ еліміздегі 30-дан астам IT-компания кездесуге келген 4 министрліктің сұраныстарына жауап беріп, бірлесе қызмет атқаруға шешім қабылдаған және олардың үштен бірі қазіргі таңда пилоттық жобаларды іске қосуға дайын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: