«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау» сабақтарына қала тұрғындары да қатыса алады

2018 жылғы 11 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
1097 просмотров

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен облыстың барлық аудандарында өткізіліп жатқан «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары өз нәтижелілігін көрсетті.

Биылғы жылы оқыту курстарынан өткен азаматтардың 30 пайыздан астамы өз кәсібін ашқан. Курс ауыл тұрғындарына арналған және бір ай көлемінде теориялық және тәжірибелік сабақтарды ұштастыра отырып жүргізіледі. Қатысушылардың дені сабақ барысында бизнеске деген көзқарастарының түбегейлі өзгергенін айтады. Айталық, Ақтөбенің Алға ауданының тұрғыны Валентина Брянцева жобаның бір айлық курсын аяқтап, оқу тәртібі бойынша бизнес-жобасын облыстық комиссия алдында қорғады. Айтуынша, бизнес сабақтарынан алған білімі оның жаңа кәсіп ашуға сенімділігін арттырған.

«Менің жобам жүк тасымалына байланысты, бұрын осындай істі қолға алу үш ұйықтасам, түсіме кірмеген еді. Алға ауданындағы бизнес-тренер Қайрат Көпбаевтың берген бизнес білімінің арқасында оған шамам да, мүмкіндігім де жететінін түсіндім. Бизнес-жоба жасап, тоңазытқышты жүк көлігін алуды жоспарлап отырмын. Жобам жүзеге асса, өңірдегі азық-түлік тауарларын өзге облыстарға тасымалдаумен айналыспақпын», – дейді «бастаулық» болашақ кәсіпкер.

 «Бастау» жобасын бітіруші түлектердің басым көпшілігі «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» инстиуты арқылы қаражат алуды көздейді. Аталған қор бойынша несиелеудің мерзімі – 6,5 жылға дейін, үстеме – жылдық 6% аспайды, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7% дейін. Несиелеу мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін жеңілдетілген мерзім бекітіледі. Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін қазіргі таңда өте тиімді ұсыныс болып отыр. Сонымен қатар «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несие бөлу кезінде  «Бастау» жобасын бітірушілеріне басымдық береді.

Жобаның табысты жүргізілуіне орай және көпшіліктің сұрауы бойынша «Атамекен ҰКП ұйғаруымен «Бастау» жобасының айлық сабақтары облыс орталықтарында да өткізілетін болды. Ақтөбе қаласында алғашқы сабақ үстіміздегі жылдың 29 қазанынан 23 қарашаға дейін жүреді. Қазіргі кезде ӨКП мен жұмыспен қамту орталығы арқылы  қатысушылардың тізімі жасақталып жатыр.  Жобаға жұмыссыз азаматтар немесе кәсібін ашқанына 3 жылдан аспаған азаматтар қатыса алады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер