«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сембек Сейдәзімов – нағыз жомарт азамат

2018 жылғы 05 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
6229 просмотров

Өзі түлеп-ұшқан киелі Жамбыл топырағына аянбай еңбек сіңіріп, талай қайырмды істерге ұйытқы болып жүрген нар тұлға

«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар жөнінде айтылған ғой.

Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт туралы тәмсілдер де, міне, осындай қолы ашық, жаны жомарт жампоздар жайында сыр шертеді. Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Біз сөз еткелі отырған Сембек Әбетайұлы да «елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі. Сембек Сейдәзімовтің есімі әулиеаталық әлеуметке әлмисақтан белгілі. Өзінің саналы ғұмырында қызметтің түрлі баспалдақтарынан өтті. Ал еліміз егемендік алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын қолдаушылардың қатарында болды. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі, филиал жанындағы жемқор­лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің басшысы ретінде өзін салмақты, салиқалы азамат, қоғам жұмысын өз мүдде

сінен жоғары қоя білетін қажырлы қайраткер келбетінде танытты. Тың жобалардың халық арасында кеңінен насихатталуы мен олардың іске асуына бір кісідей атсалыс­ты. Ал негізгі қызметі – көне шаһардағы «Кирпичник» серіктестігінің директоры ретінде де, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Ол Жамбыл облыстық мәслихатының үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болып, тұрақты комиссиялардың төрағалығына сайланғанда да өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оң шешім табуына ықпал етті. С.Сейдәзімов былтыр бұқара мен атқарушы билік арасындағы дәнекер, әрі ақылдасу алаңы ретінде өмірге келген азаматтық қоғамның алғашқы қарлығашы – Қоғамдық кеңестің жұмысына құлшына кірісті.

Ол облыстық қоғамдық кеңестің конкурс арқылы сайланған хатшысы ретінде ауқымды істерге бастамашы бола білді. Мәселен, кезінде айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайтадан кәдеге асыруды қолға алды. Бұл жөнінде мәселе көтеріп, нақты ұсыныстарымен облыс басшылығы алдына мәселе қойып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуіне қол жеткізіп, 3 мың гектар алқапты суландыру мәселесін шешіп берді. Бұл Сембектің Елбасының өміріміздің мәні мен мазмұнына айналып отырған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер тұрғысынан бұқара мен билік арасын жалғай жүріп, тағдыршешті мәселелер күрмеуінің шешілуіне бастамашы болғанының бір ғана мысалы.

Сембек Әбетайұлы Елбасының сарабдал саясатының адамдарды өрелі істерге бастайтын қасиеті мен қуатын жақсы біледі. Сондықтан да ол бұл күндері Қазақстан тарихи кезеңге аяқ басқан кезде, елдің рухани өмірінде елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын, ең бастысы, ұлттық сананы жаңа деңгейге көтермей саяси-экономикалық жаңғыруды жүзеге асыру мүмкін емес екендігін, рухани жаңғыруды – кезең-кезеңімен атқарылар, елдегі реформалардың заңды жалғасы деп танып, жұртшылық арасындағы әсерлі әңгімесіне арқау етуде.

Ол кәсіпкерлікті нәсіп ете жүріп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген жан. «Кирпичник» ЖШС-нің өнімдері аурухана, емхана, мектеп, балабақша құрылыстарына пайдаланылады. Алғашқы жылдары 10 миллион дана кірпіш шығаратын серіктестіктің жұмысы кейінгі уақыттарда қарқын алды. Елбасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы Украинаның Харьков құрылыс машиналары зауытынан жаңа қондырғы алу нәтижесінде бүгінгі таңда жылына 15-30 миллион дана күйдірілген кірпіш шығаратын дәрежеге жетті. Ердің мұраты – елдің қамы. Халық даналығы Атымтай жомарт жандарды құрметтеп, «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп мадақтайды. Ал С.Сейдәзімовтің басты мақсаты – кісіге қамқор болу, мейлінше жомарттық таныту.

Ол бақай есеппен жасалатын іс емес, қайтарымын күтпейтін жақсылық, қанға біткен қасиет. Бабалар өсиетінен қалған бір сәуле. Сембек Әбетайұлы туралы сөз бола қалғанда, көпшілік оның осындай игі істері мен жақсы қасиеттерін айтады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылындағы орта мектептің валеология сыныбының құрылысы үшін қажетті кірпіштерді тегін жеткізіп бергені елге аян. Бұдан бөлек, осы ауылдағы мешіттің, балабақшадағы музыка бөлмесінің құрылысы үшін де осындай қажетті кірпіштерді берген. Оның бұл жақсылығы күні бүгінге дейін ауыл тұрғындарының аузынан түскен емес.  Бүгінде баспана жайы басты проб­лема екендігі белгілі.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп қазақ текке айтпаған. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мұң-мұқтажына ортақтасып, көмек қолын созу да азаматтықтың белгісі. Мәсе­лен, Жамбыл ауданы, Қызыл­ди­хан ауылының тұрғыны Гүлсара Ибраимованың баспаналы болуына ықпал еткені көпшілікке мәлім. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасылар қатарындағы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны Ержан Тауасаров пен Тараз қаласының тұрғыны Рузванай Сансызованың өтініштерін жерде қалдырмай, сәні мен сәулеті келіскен баспана салып берді. Сембек Әбетайұлының бұдан өзге де азаматтық істері баршылық. С.Сейдәзімов халық қалаулысы ретінде де көпшілік көңілінен шыққан азамат. Сенім білдіріп, дауыс берген халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтінішін қанағаттандыруға ұмтылды. Өзіне дауыс берген Гродеково ауылдық округіне қарасты Қызыл­дихан ауылына көпір салып берсе, «Тараз–Қырғызстан» бағытындағы автожолға 120 «КамАЗ» құм төсетіп, тегістеуге себін тигізді.  Елбасы жас ұрпақтың әрдайым білімді болуына ерекше мән беріп келеді. Бұл орайда мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық та аз емес. Мәселен, жастарды білімге ынталандыруға және үздік оқушыларды анықтауға С.Сейдәзімовтің қосып отырған үлесі айтарлықтай. Ол әр тоқсан сайын үздік оқитын оқушыға арнайы стипендия тағайындап, ал орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген оқушыларға жыл сайын 40 000 теңге көлемінде сыйақы беріп келеді. Ал, өзі ұзақ жылдар бойы қоғамдық негізде қызмет еткен «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында Екатерина Шуригинаны өз қамқорлығына алғаны да азаматтығын танытатын іс. Е. Шуригина – ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан бүлдіршін. Оның атына «Цесна банктен» арнайы есепшот ашып, оған ай сайын қайырымдылық қаражатын салып отыруы да әкелік қамқорлықтың нышаны. «Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Десе де, азаматтығы биік, парасаты терең тұл­ғалардың елге жасаған ең­бе­гін мін­детсін­бейтіні анық. Бірақ еңбек еткен ердің ерекшелігі ел есінде қалады. Сондықтан да атақтың да, құрмет­тің де болатыны белгілі. С.Сей­дәзімов үшін ең үлкен марапат – Елбасының жылы лебізі жазылған Алғыс хаты. Себебі, президенттік сайлау кезінде Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірілген адамы болды. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып жұмыс жасайтын, елі сүйген, елін сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасын облыс тұрғындары арасында кеңінен насихатталуына білек сыбана кірісіп, игілікті істер атқарды. Ал мемлекет тарапынан берілген «Құрмет», «Парасат» ордендерінің жөні бір бөлек. Бұдан өзге де Құрмет белгілері мен Алғыс хаттары ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің ақталған жемісі екені даусыз. Кім де болсын туған жерден тамыр тар­тады. Ал, әкенің қанымен, ананың сүті­мен келетін қасиеттің жөні басқа. Әкесі Әбетай мен анасы Марияның үкілеген үмітін ақтады. Атаның емес, адамның баласы болуға талпынды. Ұлт тарихында көрнекті орны бар Әулиеатаның өркен жаюына, өрістеуіне еңбек сіңірді.

Сембек Әбетайұлының азаматтық ұстанымы да берік. «Алтын алма – алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» деген қанатты сөз бар. Жақсы адам қашанда жақсы істі жалғастыруды жаны сүйеді. Сол жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, оның арманының орындалғаны, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар», дейді ол. Жамбыл қаласында дүниеге келіп, туған топырағында ерекше шабытпен еңбек еткен ер бүгінде абыройдың асқарында. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қала­тыны осындайдан көрінсе керек. Жалпы, адамдық мақсат та азаматтың көкейінде осы тұрғыда өрбісе керек. Шәкәрім ақын айтқандай, «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі Сембек Әбетайұлының өмір бойғы темірқазығы іспетті. Бүгінде жақсылық жасаудан жарысатын адамды табу қиын. Ол бір жарнама, мақтан үшін болмағандықтан, бұл да азаматтың өз арының алдындағы мақсаты. Парызы. Ал парызды ұғынып, ұлтқа қызмет етуге белсене кірісу  ұрпақтар сабақтастығында ең жақсы көрініс беретін дүние. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер