«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Электр желілеріне қосылу үрдісі жеңілдеп, сапасы жақсарып келеді

2018 жылғы 27 Тамыз
- Жетісу облысы
3901 просмотров

Кәсіпкер үшін нысанды электрмен жабдықтау желісіне қосылу төрт үрдістен тұрады

Кәсіпкерлер палатасының алаңында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің басшылығы, сондай-ақ, энергия өндіруші, энергия жеткізуші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдерімен тұтынушылардың электр желілеріне қосылу үрдістерін оңтайландыру мен электрмен жабдықтау сапасының жақсарту шараларын түсіндіруге арналған жиын өтті.

Аумақтық департаменттің басшысы Ерлан Нұркерімов кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту және Қазақстанның көрсеткіштерін Дүниежүзілік банктің «Doing Business»  халықаралық рейтингінде және Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде жақсарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Жыл басынан бері департамент кәсіпкерлер арасында қолға алынған шараларды түсіндіру жөніндегі жұмыстарын ұйымдастырып келеді.

Электр желілерін тұрақты түрде модернизациялау Қазақстан Республикасының  бірыңғай электр және энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзушылықтарды 2015 жылы 4 209-дан 2017 жылы 3 796-ға дейін, яғни 11 % төмендеткен, дейді департамент басшысы.

«Электрмен жабдықтау желілерінің жүйесін оңтайландыру үшін Энергетика министрілігі тарапынан қосылу үрдістерінің санын төртке дейін азайту үшін бірқатар заңнамалық өзгертулер енгізілді. Сонымен, электрмен жабдықтау туралы келісім-шартпен электр энергиясын есепке алу құралдарының пломбасын алу біріктірілді, тұтынушының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы мен жол полициясын хабарлау қажеттілігі алынып атсталынды. Бұл талап электрмен жабдықтау желілеріне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін ұйымдарға жүктелді. Сонымен бірге, 2016 жылы Электр энергиясын қолдану туралы ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгізудің аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаған соң энергетикалық сараптама  қорытындысын алу қажеттілігі жойылды», – деп түсіндірді департамент бөлімінің басшысы Дінмұхаммед Абдыханов.

Жүргізілген реформалардың нәтижесінде кәсіпкер үшін енді нысанды электрмен жабдықтау желісіне қосылу төрт үрдістен тұрады. Олар:

1.Өтінішті беру мен энергия жеткізуші ұйымнан техникалық шарттарды алу – 4 күн;

2.Құрылысты бастауға тапсырыс беру мен күту (жобаны әзірлеу, келісім алу мен бекіту) – 33 күн;

3.Бекітілген жобаға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуын күту – 26 күн;

4.Электрмен жабдықтау туралы келісім-шарт – 4 күн.

Кездесу барысында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «ТАТЭК» АҚ, «Жетысу Энерготрейд» ЖШС мамандары кәсіпкерлердің сауалдарына жауап беріп, электр желілеріне қосылуды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы мен ағымдағы жоспарлармен бөлісті.

Еске салсақ, Талдықорған қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бір терезе қағидасы бойынша «ТАТЭК» АҚ маманы кәсіпкерлерге электр желілеріне қосылу жөніндегі техникалық шарттарды беру бойынша қызмет көрсетеді.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер