Ескірген қалыпта есеп өткізген қостанайлық кәсіпкерлер 2 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді
Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасына тарифтік сметаны орындағаны туралы есепті дұрыс рәсімдемегені үшін айыппұл салынған кәсіпкерлер жиі жүгініп отыр. Айыппұл сомасы қомақты: шағын бизнес үшін – 480 000 теңге, орта бизнеске – 580 000 теңге, ал ірі бизнеске 2 млн теңге жуық.
«Мәселе мынада, қолданыстағы Аз қуаттағы монополистерді реттеу ережесі бойынша Қаржы министрлігі 2015 жылы бекіткен қалыпта кіріс-шығыс туралы есеп өткізу керек. Алайда 2017 жылдың маусымында бұл бұйрықтың күші жойылған әрі жаңа қалып бекітілген. Бірақ ҚР Ұлттық экономика министрлігі Ережеге тиісті өзгертулерді енгізбеген, яғни есеп формасының сілтемесі өзгертілмеген. Сондықтан аз қуатты монополистер ескі қалыппен есеп өткізіп келеді. Ал оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабы 1-тармағы бойынша айыппұл салынып отыр», - дейді Өңірлік палата сарапшысы Теңіз Қабақов.
Палата сарапшысы монополияға қарсы орган есепті жаңа қалыпта өткізу туралы хабарлама жіберуі керек еді, алайда ол орындалмағанын атап өтті.
Кәсіпкерлер бұл мәселеде сот тәжірибесін қолданудың біркелкілігі жоқ екеніне де наразы.
Мысалы «Көмек-Алтын» МҚМ істің аса маңызды болмағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабы бойынша жауапкершіліктен босатылған. Ал «ОРТ» ЖШС осындай заң бұзушылық үшін айыппұл төлеген. Тіпті облыстық соттың өзінде істі жабудан бас тартқан.
«Бұл жерде ешқандай кінәміз жоқ, – дейді «ОРТ» ЖШС өкілі Ержан Куликенов. – 2017 жылы бұйрықтыың күші жойылды, есепті мамыр айында өткіздік. Осы уақыт аралығында монополияға қарсы орган түсіндіре алмай ма? Есепті өткіздік, бізге қандай қалыпта өткізу керектігінің маңызы жоқ».
Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры айыппұл деңгейі тым жоғары деп есептейді, неліктен кәсіпкер есепті дұрыс емес қалыпта өткізгені үшін кемінде жарты миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс? Прокуратура да сот дауында кәсіпкерлер жағына шықты.
Монополияға қарсы комитеттің өңірлік департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жалғасбаев оппоненттерлің дәйектерімен келіспеді:
«Мәселе заңнамада емес, мәселе тәртіпте. Биыл есептілікті бұзғаны үшін 14 кәсіпкер жауапқа тартылды. Регистрде барлығы – 91. Неліктен бірі дұрыс толтырып, бірі дұрыс емес жасайды? Барлығы да қарапайым – «Әділет» ресурсына кіріп, қарап көрген. Түсініңіздер, біздегі мақсат айыппұл салу емес. Біз сол жайтқа мән беруіміз керек».
Қостанай облысы прокурорының орынбасары Марат Әбішев кәсіпкерлерге аталған жайтты жан-жақты қарау үшін бақылау органына өтінім жазуды, қажет жағдайда Бас прокуратураға жүгінуді ұсынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: