«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтауда «Бастау» жобасы жұмысын бастады

2018 жылғы 25 Тамыз
- Маңғыстау облысы
7050 просмотров

Ақтау қаласында алғаш рет «Бастау» бағдарламасы бойынша тегін оқыту курсы басталды.

Осыған дейін тек Мұнайлы, Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған мен Бейнеу аудандарында оқытылып келген еді. Көпшіліктің сұранысы бойынша енді облыс орталығы мен Жаңаөзен қаласынан да дәріс алуға жағдай жасалды. Қазір Ақтау қаласының өзінде 40 адам білім алып жатыр. Мұнда олар кәсіпкерлік негіздерін оқытып, үйренуде.

 Тәлім алушылардың бірі – Меруерт Жанботина. 25 жасар келіншек кәсіп ашуды бұрыннан арман еткен. Тіпті түрлі тренингтерге де барып көрген. Бірақ сатылап, толыққанды білім беретін жерді көп іздеп, «Бастау» бағдарламасының басталатынын естіп бірден келісім берген.

«Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен тегін дәріс алып жатқаныма қуаныштымын. Бұған дейін жалпы түсінік болғанымен, «Не істеймін? Қалай бастаймын? Қайда баруым керек?» деген сұрақтар мазалайтын. Енді курс басталғалы нық қадам жасауға сенім пайда болды. Бізге мотивация беру арқылы шыңдап, сауатымызды пайдалы ақпараттармен кеңейтіп жатыр. Болашақта азық-түлік саудасын қолға алғым келеді»,- дейді жас тәлім алушы.

 Курста жұмыссыздар (жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұру қажет етілмейді) мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар, өз бизнесін ашқысы келетіндер, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер оқуда.

  Бағдарламаға қатысу үшін шәкірттер тестілеуден өтті. Оның қорытындысы бойынша топқа іріктеу жүргізіліп, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы ғимаратында тәлім алуды бастады. Оларға  кәсіби даярлығы бар бизнес-жаттықтырушылар дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретуде. 

Бизнес-жаттықтырушы Еркін Атабаев:

«Кәсіпкерлік негіздерін 12 модуль бойынша оқытып отырмыз. Маркетинг, бизнес жоспар жасау, қаржыны тиімді игеру, мемлекеттік бағдарламалар т.б. басты тақырыптар қамтылуда. Қатысушылардың қызығушылығы жоғары деңгейде. Дені-жұмыссыздар. Жас шамасы- 25 пен 35 жас аралығында. Бағдарлама шарты бойынша кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлікке шыққандар дәріске қатыса алмайды».

 

Курсты оқу ұзақтығы- 20 жұмыс күні. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленіп, арнайы сертификат беріледі.

        

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер